Өңірлерді дамытуға 5,3 трлн теңге бөлінуі мүмкін

Өңірлерді дамытуға келесі жылы республикалық бюджеттен 5 трлн 300 млрд теңге қарастырылып отыр.

Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, депутат Нұртай Сабильянов қомақты қаражат аймақтардың өзекті мәселесін шешуге бағытталатынын айтады.

Биыл бұл мақсатқа 5 трлн бөлінген еді. Оның бір парасы ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалды. Соның ішінде, су тартуға қатысты 450 жоба қолға алынды. Жалпы, әр өңірдің дамуын қамтамасыз етуде Үкімет деңгейінде кешенді шаралар қабылданған. Мұның бәрі Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында межеленген міндеттер, дейді Мәжіліс депутаты.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- Сонымен қатар, Президент өзінің жарлығымен жаңадан үш облысты құрды. Ол облыстар Абай, Жетісу және Ұлытау. Міне осы облыстардың дамуын қамтамасыз ету үшін қосымша бюджеттен қаражат бөлінді. Ол қаражат қазір өңірлердегі мәселелерді шешуге және объектілерді тұрғызуға, сонымен бірге халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсалып жатыр.