G4 City. Жетіген қала мәртебесін алады
Алматы облысындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала болады.
Президенттің тиісті қаулысы шықты. Шешімді облыстық мәслихат депутаттары бір ауыздан қолдады.
Болашақта Алматы мен Қонаев арасында «G4 City» арнайы экономикалық аймағы құрылады. Соның бір орталығы ретінде Жетіген таңдалып отыр. Қала болу үшін елді-мекенде қандай жұмыс атқарылады?
Жетігеннің жер жағдайы ауылшаруашылығын дамытуға қолайлы. Жергілікті тұрғындар мал шаруашылығымен, бау бақшамен айланысады. Шағын және орта кәсіпкерлік дамыған. Теміржол бойында орналасқан ауылда биыл екі ірі индустриялды жоба басталды.
Шығыс пен оңтүстікті жалғайтын теміржол Жетігеннен өтеді. Жол арқылы инфрақұрылым өркендеп, сауда дамиды. Қазір ауылда сауда логистикалық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Терминалда бір жылда 200 мың контейнерді қабылдап, жөнелтуге болады. 52 гектар жерді алып жатқан нысан импорттық және экспорттық бағытта жұмыс істейді. Яғни, күн сайын 6 жүк поезына қызмет көрсетеді.
Эльдар Түсіпбаев, логистикалық орталықтың бөлім басшысы:
- Бидайды контейнерге жүктейтін арнайы құрылғы қойылады. Ол бір контейнерді 15 мин толтырады. Сонымен қатар, терминал күніне бір поезді Қытай жақа жөнелтуге мүмкіндігі бар. Жергілікті тұрғындар жұмысқа алынады. Жоба бойынша ол да көзделіп жатыр. Қазіргі кезде елу шақты адам жұмыс істеп жатыр. Оларлың көбісі жергілікті тұрғындар.
Алдағы үш жылда бұл логистикалық нысан құрылысы толық аяқталуы тиіс. Сонда 200 адам тұрақты жұмыс істейді. Сонымен бірге таяуда Жетігенде жаңа теміржол бағытының құрылысы басталды. Жетіген-Қазыбек бек бекеті арасындағы шойын жолға түсетін поездер Алматыға кірмей, мегаполисті айналып өтеді. Сол арқылы уақыт үнемделеді, тауар тасымалы артады.
Жетігенде қазір 25 мың адам тұрады. Ауылдық округке Жаңа арна, Құйған мен Еңбек ауылдары кіреді. Болашақта осы төрт ауыл бір қалаға қосылғанда халық саны 50 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. Қазір ауылда алты мектеп, 11 балабақша бар. Бірақ мәдениет үйі жоқ. Жаңа аурухана керек дейді тұрғындар.
Жұмағали Қастеков, ауыл тұрғыны:
- Аурухана әлі салынбай жатыр. Енді қала мәртебесін аламыз, сол кезде аурухана салатын шығар деп ойлаймын.
Аида Сәрсенбиева, ауыл тұрғыны:
- Аты ауысса да лайықты деп ойлаймын. Жетігенде барлығы бар негізі. Аурухананы жаңартса болды. Мектеп бар.
Жетігендегі аурухана ескірген. Жаңа ғимарат салу жұмысы жыл сайын кейінге шегеріле берді.
Енді ауылға қала мәртебесі берілсе, алдымен аурухана жұмысы басталғанын күтеміз - дейді тұрғындар.
Ал ауыл әкімінің сөзінше мәдениет үйін салуға арналған 3 гектар жер бөлінген. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс екен. Құжат мақұлданған соң құрылысы келесі жылы басталады.
Нұрлан Әбілов, Жетіген ауылдық округінің әкімі:
- Биыл үлкен жұмыс аяқталды. Жаңақұрылыс масивінде электр жүйесін қамтамасыз етіп, су жүйесін жүргізіп, сол жұмыстар биыл толығымен аяқталады. Келесі жылдары сол құрылыс масивтерінде жол жөндну мәселесіне кірісуге дайындалып жатырмыз.
Сонымен бірге көшелер күрделі жөндеуді талап етеді. Ауыл жыл сайын өсіп, жаңа үйлер бой көтеруде. Еліміздің өзге өңірлерінен көшіп келіп жатқандар бар. Округте 10 ірі серіктестік тіркелген. Олар негізінен тауар өндірумен, саудамен айналысады. Жалпы Жетігенің атын ауыстырып, ауылдан қала жасаудағы мақсат – Үкімет бекіткен «G4 City» ауқымды жобасын іске асыру. Ол жаңа Жібек жолының бойында орналасқан экономикалық, іскерлік, өндірістік әрі жаһандық туристік орталыққа айналады деп күтілуде.
Нұржан Құдайбергенов, облыс әкімінің орынбасары:
- Алатау қаласы Қонаев қаласының жерлерінен үлкен экономикалық аймақ құрылатын болады. Бүгінгі күнде 88 мың га Алатау қаласының аумағынан 77 мың га арнайы экономикалық аумақы ішіне кірді. Қала тез дамитын болады. Бұның экономикалық болашағы бар. Қала халқының санын 2050 жылға дейін 2 млн-ға дейін жеткіземіз деп отырмыз.
«G4 City» интеграцияланған төрт қала ретінде дамып, 2050 жылға қарай 1 млн-нан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді деген болжам бар.
Алмас Садуақас, Аманжол Жөнкешов, «Хабар-24», Алматы облысы.