Жаңартылатын энергия өндірісі жанданады
Бүгінде елімізде шамамен 150-ге жуық күн, жел және су электро-станциялары жұмыс істеп тұр.
Олар өндіретін электр энергиясы елдің жалпы энергия балансының шамамен 6%-ын иеленеді. Сарапшылар, бұл көрсеткішті 2050 жылға қарай 50%-ға дейін арттыруға болады деп отыр.
Жасыл технологияны дамыту мен салаға тың тетіктер енгізу – Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы міндеттердің бірі.
«Жасыл экономика» түптеп келгенде қоршаған ортаға зиян келтірмей, энергия өндірудің жолы саналады. Бұл жолда мемлекеттің жеткен жетістігі аз емес. Соның арқасында, келешекте Қазақстанда энергия тапшылығы болмауға тиіс. Энерго жүйедегі "Жасыл технологиялар" бүгінде мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева осылай дейді.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Бізде аукциондар өтеді. Яғни, егер бұрын баға жай ғана айналым арқылы белгілесе, бүгінде баға жаңартылатын энергия көздерінің тарифтік аукциондарында белгіленеді. Сондай-ақ бізде Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жабдықты орналастыруға дайын инвесторлар бар. Жаңартылатын энергия көздерінде тарифтер белсенді индекстеледі. Яғни, бұл осы технологиялардың дамуын ынталандырады.
Бүгінде әлем энергияны жаңартылатын қуат көздерінен алуға ұмтылып отыр. Дамыған елдер әлдеқашан баламалы энергияны пайлануға көшкен. Бұл тұста Қазақстан да қалыс қалған емес. Жаңартылатын энергия көздерінде аукциондық сауда-саттық бәсекелестікті дамыта түскен. Сарапшылар бұл электр энергиясының бағасын арзандата түседі деп отыр.
Нұрлан Қапенов, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі:
- Бүгінде баламалы қуат көздері бағасының төмендегені байқалады. Өткен аптада өткізілген соңғы аукциондарда өте төмен тарифтер көрсетілді. Жел электр станцияларына инвесторлар 1 Квт/сағ үшін 10,5 теңге бағасымен ұтып алды.
Еліміз инвесторларға ЖЭК нысандарын салу кезінде бірқатар жеңілдік пен мемлекеттік қолдау шарасын ұсынып келеді. Мәселен, іріктеу аукциондық рәсім арқылы өткізіледі. Бұл ретте жаңартылған энергия көздері нысандарын салу құнын арзандатудың арқасында, олар беретін электр энергиясының тарифі жылдан-жылға төмендеп келеді.
Алма Жүкенова, ҚР Энергетика министрлігі департамент директорының орынбасары:
- Жасыл экономикаға өту концепциясының ішінде 2023 жылға дейін 15 пайыз, 2050 жылға дейін 50 пайызға жеткізуіміз керек альтернативтік энергия көздерімен бірге. Кешегі аукционның өзінде 14 компания келді. Оның ішінде 10 компания жеңіп шықты. Енді біздің елімізде шағын болса да 10 гидростанция салынады.
Мамандар бүгінде жаһандық деңгейде қор нарығындағы инвесторлардың назары жаңартылатын энергия көздері мен климаттық жобаларға бағытталып отырғандығын айтады. Қазір дүние жүзінде таза энергияға деген сұраныс артып, іргелі компаниялар ауаға түсетін парниктік газдардың ауқымын азайтуды көздеп отыр. Сондықтан сала мамандары, жаңартылатын және баламалы энергия көздерін дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы қажет, дейді.
Айнұр Қуатқызы, Серік Қоңырбаев, «Хабар-24»