СҚО-да алғашқы инновациялық жылыжай салынды
Табиғаты қатал Солтүстік Қазақстан облысында жыл он екі ай жұмыс істейтін инновациялық жылыжай кешені салынды.
Екі аптадан кейін мұнда алғашқы өнім жиналады. Ал агрономдар көкөніс түрін арттырып, өңірлік азық-түлік белдеуін қалыптастырмақ ниетте. Осылайша бақша өнімдері қаладағы сауда орталықтарына арзан бағамен шығарылады.
Жылыжай кешені толығымен автоматтандырылған. Сол себепті мұнда 16 адам жұмыс істейді. Солардың бірі Ольга Михайлова. Осы уақытқа дейін тәтті тоқаш пісіріп, кондитер болған ол қазір жаңа бағытты меңгеріп жатыр. Ол: «Көкөністерді барынша баптаймыз», - дейді.
Ольга Михайлова, көкөніс өсіруші:
- Қазір қыс мезгілі, далада қар жатыр. Ал іштегі атмосфера бөлек. Бұрын цехта кондитер болғанмын. Жарақат алып, ол жерден қалдым. Артынша жұмыспен қамту орталығына барған едім, ондағылар мені жылыжайға жіберді. Жұмысым өзіме ұнайды. Бастысы ауыр емес.
Голландтық технология негізінде жұмыс істейтін нысан жергілікті халықты арзан көкөніспен қамту үшін салынды. Жоба құны 7 млрд теңге. Аумағы 3,7 гектар. Тамшылатып суару, климатты өзгеру, жылу беру сияқты шаруалар бір орталықтан басқарылады. Кешен толық қуатқа көшкенде аймақтың қияр мен қызанаққа деген сұраныстың үштен бір бөлігін жабады.
Екатерина Асаёнок, жылыжай кешенінің директоры:
- Жылына 3 мың тоннадан астам өнім жинауды жоспаралап отырмыз. Енді қызынақ пен салат жапырағын егу ойымызда бар. Ал дайын өнімді жергілікті жерде сатамыз. Тіпті жылыжай жанынан дүкен ашуды жоспарлап отырмыз. Сол себепті халық оны делдалсыз, арзан бағаға сатып ала алады.
Айта кету қажет, жылыжайға инженерлі-коммуникациялық инфрақұрылым мемлекет есебінен тартылды. Енді аталған кешен өңірге сырттан тасымалданатын бақша өнімдерін азайтып, сапалы азық-түлік қорын қалыптастыруға септігін тигізбек.
Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков