БҚО-ның Шыңғырлау ауданында «Ауыл аманаты» аясында 65 адамға несие берілді
Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 65 адамға несие берілді.
Соның нәтижесінде шаруалар ортақ өндірістік кооператив құрса, бағбандар жылыжай салып жатыр. Олар жергілікті нарықты өз өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Мырзақара ауылында 12 фермер бірігіп, сүт өндірісіне ден қойды. Олар мемлекеттік бағдарлама негізінде 38 бас асылтұқымды ірі қара сатып алған. Енді қоражайды кеңейтіп, мал саууға арналған орын мен қосалқы шаруашылықтардан сүт қабылдау пунктін салуды көздеп отыр.
Нұрлыбек Қалиев, кооператив үйлестірушісі:
- Сүт бизнесі – өте қиын бизнес. Жүріп кетсе, жүріп кетеді енді... Нұр үстіне нұр болады. Мақсатымыз келесі жылы тағы 40 адамдай біріктіріп, шаруашылықты ұйымдастыру. Жайлап бастап жатырмыз. Жаңа жылдан кейін құрал-жабдықтарға беру керек 50 млндай (теңге). Соны орнатқаннан кейін халықтан сүт қабылдау жұмысын жоспарлап отырмыз.
Ал Амангелді ауылында бағбан бірер жылдан бері жылыжайда қияр өсіріп, өнімді іргелес ауылдар мен Ақсай қаласына жөнелтіп жатыр. Ал биыл «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде тағы бір жылыжайдың құрылысын бастап кеткен.
Ілияс Хайрушин, бағбан:
- Қияр өсіру тиімді. Ерекше күтімді қажет етпейді. Жылына кемінде 4 тонна өнім аламын. Ал келер жылы қызанақ өсіргім келеді. Ол қиындау болады. Десе де, байқап көремін. Мемлекеттік бағдарлама жаңа мүмкіндік беріп отыр.
Дәл осы мемлекеттік бағдарлама аясында Шыңғырлау ауданында жеңілдетілген несие алуға 80-ге жуық адамнан өтініш түскен.
Рүстем Еслямов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- 65 өтініш қанағаттандырылды. 441 млн теңге көлемінде несие берілді. Бау-бақша өсіреміз деп осы Амангелді ауылының тұрғыны құрал-жабдықтарын алып қойды картоп отырғызатын, қазатын, жер қазатын, бәрін. Келесі жылы егуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек Қарағаш ауылында да жылыжай салуға несие алуға ниет білдіргендер бар.
Биыл аймақта «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 6 млрд астам теңге бөлінді. Бүгінде 600-ге жуық жоба мақұлданған. Бизнес бастамалар ауыл шаруашылығы саласын дамытып, жергілікті өнімдер үлесін арттыруға серпін береді, дейді мамандар.
Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов