Ел бойынша бағаны өсірмеудің қамы жасалып жатыр
Жаңа жыл таяп қалды.
Мереке қарсаңында әр отбасы дастарханның қамына кірісіп, базар аралауды бастайды. Әрине сұраныс көбейген соң кей кәсіпкер бағаны негізсіз қамбаттатуы да мүмкін. Осыған байланысты Ақтөбеде бағаға бақылау күшейді. Өңірлік коммиссия ірі дүкендерді тексеруді бастады. Ал өзге аймақтардағы ахуал қандай?
Ақтөбе облысында бағаны тұрақтандыру мақсатында комиссия құрылды. Олар өнім өндіруші мен сауда орындары арасында делдалдарды қадағалайды. Осылайша жыл соңына дейін ірі дүкендерді тексеріп шықпақ. Өңірде әлеуметтік азық-түлік түрлеріне 15 проценттен артық үстеме қоспау жөнінде 500-ден астам меморандум жасалған. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорын толтыру үшін бюджеттен 3 млрд теңге бөлінді. Сөйтіп жылдағыдан екі есе көп өнім жиналды.
Алмас Салықбаев, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
- 2024 жылы қаңтар айында біз тағы да қосымша сол барлық ірі сауда желілері, Ақтөбе қаласында орналасқан базарлар солармен біз меморандум жасайтын боламыз. Халыққа күн сайын тұтынатын азық-түлік өнімдері 15 пайыздан үстемақысы аспау керек. Мысалыға үйдің бойында орналасқан, сондай шағындылары қосымша бақылау қажет
Кәсіпке кедергі жоқ
Мамандар ел бойынша бағаны өсірмеудің қамы жасалып жатқанын айтады. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, инфляция шамамен 10 пайызға төмендеген. Қымбатшылықпен күрес күшейгенімен, отандық өндірушілерді қолдап-қорғау бәсеңдемейді. Мысалы кәсіп иелерін тексеру екі есе азаяды. Ол үшін заңнамалық тәртіп жеңілдеп, 9 мыңнан аса талап алынып тасталды. Жыл соңына дейін тағы мыңға жуық міндетеме қысқарады. Бұл жайлы сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов мәлімдеді. Сондай-ақ, мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету де жоспарланып отыр. Соған байланысты жекешелендіру жұмысы қарқын ала бастады.
Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- 2025 жылға қарай мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін төмендетуге ұсынылып отыр. Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде 380 нысан іске асырылды, 64 нысан тарату немесе қайта ұйымдастыру сатысында тұр. Жаңа Салық кодексі әзірленуде, оның шеңберінде салық төлеушіге бағдарланған әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілетін болады. Салық есептілігі 30% – ға, ал салық төлемдері 20% - ға қысқарады.
Мұнан бөлек биыл 65 млрд доллардың өнімі экспортталды. Оның жартысына жуығы өңделген тауар.
Шернияз Жалғасбекұлы