«Ауыл аманаты» жобасына Түркістан облысынан 64 ауылдық округ қатысты
Биыл «Ауыл аманаты» жобасына Түркістан облысындағы 16 ауданнан 64 ауылдық округ қатысты.
Өңірге 20 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 3 256 жоба қаржыландырылды. Мәселен, Сарыағаш ауданында жылыжай мен мал шаруашылығы бағытына басымдық берілді.
Сман Юсупов Құркелес ауылдық округінің тұрғыны. Шаруа «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 2,5 пайызбен 5 млн теңге несие алған. Оған Қызылорда облысынан 10 бас ту бие сатып алып, бағып отыр. Келер жылғы көктемнен бастап бие байлап, қымыз өндірмек.
Сман Юсупов, Құркелес ауылдық округінің тұрғыны:
- «Ауыл аманаты» бағдарламасы өте керемет. Халықтың бәрі дән риза. Енді осының келешекте тұқымын көбейту. Әрі сауу. Капсуладағы қымыз ішкенше таза өнімді тұтынайық деген мақсат біздікі. Мынау шаруа қожалығым өзімнің. Осы жерде ұстап отырмыз.
Құркелес ауылдық округінен «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға 160 адам өтінім беріп, 90 құжат мақұлданды. Бүгінге дейін соның ішінде 40 адам қаражатын алып, кәсібін бастап кетті.
Асылхан Тұрғанбек, Құркелес ауылдық округінің ауыл шаруашылығы жөніндегі бас маманы:
- Біздің ең көп мақұлданған құжаттарымыздың бірі – жылыжай мен мал шаруашылығы. Бұдан бөлек құс, балық, мал, жылыжай шаруашылығы, техника алу және тұрғындардың өз кәсібін ашу деген осы 6 бағыт болған. Бізде «Құркелесагро» деген кооперативіміз бар. Солармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бағдарлама тұрғындарға жақсы мүмкіндік сыйлап жатыр.
Бағдарламаға Сарыағаш ауданынан 4 ауылдық округ қатысты. Олар Жартытөбе, Жібек жолы, Қызылжар және Құркелес ауылдық округтері. 311 жоба мақұлданды. Қазіргі таңда 285 адамға 1,9 млрд теңге несие берілді. Қалған азаматтар жыл соңына дейін алады,- дейді мамандар.
Алайдар Әмірханов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Басым бөлігі жылыжай шаруашылығын дамытамыз деп өтінім берген. Мал шаруашылығының ішінде сүтті бағыттағы ірі қара мал басын көбейту, балық шаруашылығын қаржыландыруға және өз кәсібін ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Қаржысын алған азаматтар кәсіптерін ашып, жұмыстарын жүргізіп келеді.
Жалпы Түркістан облысында мал шаруашылығын дамыту мен сүт бағыты бойынша 11 млрд теңгенің 1 897 жобасы қолдау тапты.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов