Шенеуніктердің жұмысы жаңаша бағаланады
Енді жоғары лауазымды шенеуніктердің жұмыс тиімділігі олардың қанша инвестиция тартқанына және жобаларды нәтижелі жүзеге асырғанына қарай бағаланады.
Ал олардың міндеттемелерін Президент Жарлығымен құрылған Инвестициялық штаб белгілейді.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді. Штаб шығарған шешімдерді орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері орындауы тиіс.
Жалпы, биылғы І жартыжылдықта 13 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Оның ішінде Нидерланд – 3 миллиард доллар, АҚШ – 1,9 миллиард доллар, Швейцария – 1,7 миллиард доллар, Ресей – 1,1 миллиард доллар, Қытай – 748,3 миллион доллар инвестиция салған.
Ал экономика драйверлерінің бірі – шағын және орта бизнес. Биыл елде кәсіпкерлік белсенділік 10 пайызға артты, әкімшілік жауапкершілікке тартылған бизнес өкілдерінің саны 50 пайызға азайды және мемлекеттің бизнес-процестерге араласу көрсеткіші төмендеді.