«Аягөз-Бақты» теміржолының құрылысы қарқынды жүруде
Мемлекет басшысы сұхбатта айтқан бір мәселе – Қазақстан-Қытай арақатынасы.
Визасыз жүру режімі күшіне енді. Енді көрші елге емін-еркін қатынаймыз. «Азаматтарымыз осы мүмкіндікті оңтайлы пайдаланады деп үміттенемін», - деді Президент. Қытаймен арада екі бірдей теміржол желісі бар. Енді Аягөз бен Шәуешектің арасын жалғайтын тағы бір болат жол салынады. Ол үшін біздің тарап Аягөз-Бақты теміржол құрылысын бастап кетті. Бұл екі ел арасындағы жүк және жолаушы тасымалын арттырады. Туризмнің де дамуына әсері мол. Тіпті өз ішімізде Алакөлге қатынау да жеңілдейді.
Ұзындығы 270 шақырым болатын темір жолдың құрылысы бір ай бұрын басталды. Жоба Мемлекет басшысының еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Жаңа желіні салу барысында Қытаймен Бақты-Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, «Аягөз-Бақты» бағытындағы теміржол ел экономикасына тың серпін береді.
Қанат Әлмағамбетов «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
-Құрылыс кезінде 1700 адам еңбек етеді. Кейін оның мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылады. 11 темір жол станциясы ашылады. Ең маңыздысы, көрші елмен алыс-беріс артады. Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы жылына 20 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Жүкті жеткізу уақыты да біршама қысқарады.
Теміржол құрылысы Абай облысының шекаралық аудандары мен шалғайдағы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға әсер етеді. Өңірдегі туризмнің тамырына қан жүгіртеді.
Шалқар Байбеков, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
- Аягөзден бастап Таскескен, оның ар жағында Үржар, Үржардан кейін Мақаншы, Мақаншыдан Бақтыға дейін теміржол болатын болса, оның маңайындағы алыс жатқан кішігірім ауылдардың бәріне пайдасы жоғары болады. Алакөлімізге биыл 500 мыңнан жоғары адам барса, біз оны 1 миллионға көбейтейік деп отырмыз. Теміржолдың бұған үлесі өте зор болады.
Александр Степура, құрметті теміржолшы:
- Теміржол құрылысы халықтың санын ұлғайтуға, әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді. Инвестиция келеді. Шойынжолдың бойындағы шекаралық аудандардың экономикасына тың серпін береді.
Стратегиялық нысан іске қосылғанда, шекара шебінде жаңадан құрылған Мақаншы ауданында 3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал құрылыс кезінде 2 мыңға тарта адам еңбек етеді. Теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Құрылыс барысында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол, 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 16 бақылау ғимараты салынады.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов