Ең төменгі жалақы жаңа әдіспен есептеледі
Қазақстандағы ең төменгі жалақы енді жаңа тәсілмен есептелуі мүмкін.
Бұл ретте еңбек өнімділігі де ескерілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұдан былай айлық мөлшерін бірден 3 жылға есептеуді көздеп отыр. Әдістеменің егжей-тегжейі сипатталған құжат жобасы ашық нормативтік актілер порталына жүктелді. Жоба 19 қаңтарға дейін қоғамдық талқылаудан өтеді.
Биылға дейін ең аз айлық күнкөрістің ең төменгі деңгейіне қарай белгіленіп келді. Мемлекет басшысы бұл әдістемені өзгертуді тапсырған.
Ең төменгі жалақыны жаңаша белгілеу үшін 3 кезеңдік талдау жүргізіледі. Оның бірі – экономикалық, еңбек және әлеуметтік көрсеткіштің талдамасы; ең аз жалақының мөлшері өзгергендегі оның экономикалық, еңбек және әлеуметтік салдарын болжау және ағымдағы ең төменгі айлықтың қазіргі ықпалын анықтау. Айта кетейік, ең төменгі жалақының мөлшерін анықтауда медиана тәсілін қолдану – халықаралық тәжірибе. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің маманы хабарлағандай, бұл ретте жұмыс берушінің төлемқабілеттілігі мен жұмысшының қажеттілігі бірдей ескерілуі тиіс.
Бағлан Қасенов, Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің басқарма басшысы:
- Медиандық жалақыны алу себебі, бұл деген жұмысшыларды әділетті жалақымен қамтамасыз ету жағынан қарайтын болса, екіншісі, еңбек өнімділігі дегеніміз бұл жұмыс берушілердің төлемқабілеттілігін көрсетеді. Өзіне де зиян келтірмей, жаңағы кәсіпорынға, жаңағы жұмысшыларына төлейтін төлемқабілеттілігін көрсетеді ғой.
Ал әзірге 1 млн 800 мың қазақстандық ең төменгі жалақы алады. Онысы 70 мың теңге мөлшерінде. Енді қаңтардың 1-інен бастап бұл санаттағы еңбекақы 85 мыңға дейін өседі. Айлығы көтерілетін жұмысшылар арасында бюджеттік салада қызмет ететін 350 мың адам бар. Бұл ретте айлықтың мөлшері төменгі күнкөріс деңгейіне қарай ескі әдіспен белгіленгенін айта кету керек.
Елдегі жұмысшыларға төленетін ең жоғары жалақы мөлшері 1 млн теңгеге жуықтайды. Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі – бұл. Мына кестеден көріп тұрғандарыңыздай, өндіріс технологына белгіленетін еңбекақы 954 мыңнан басталады. Ұңғыма инженеріне 800 мың, ал жүйелік сәулетшіге төленетін айлық 700 мың теңгеден жоғары кете береді. Мұқншалық жақсы жалақының қалыптасуына білікті кадр тапшылығы әсер етсе керек. Соңғы бір айда мына мамандықтарды игергендерге 120 мың бос орын ұсынылған екен. Ал заңгер, дене шынықтыру мұғалімі және бастауыш мектеп педагогтарына керісінше жұмысқа тұру қиындаған. Өйткені еңбек нарығында олардың саны көп.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы биыл 10-нан 20%-ке дейін индекстеледі. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитеті хабарлап отыр. Сала мамандарының жалақысын көтеру былтыр қолға алынған, биыл да жалғасын таппақ. Мәселен, суды бұру және сумен қамтамасыз ету мекемесінің жұмысшылары бүгінде орта есеппен 175-177 мың теңге алады. Былтыр еңбекақы 35-40%-ке өскен. Дегенмен биыл тариф есебінен тағы көтеру жоспарда бар.
Дәл осы су тарифін тілге тиек етуімнің мәнісі бар. Биыл коммуналдық ресурстарды «тұтынудың әлеуметтік нормалары» енгізіледі. Осы бастаманың аясында ауызсудың 4 сатылы тарифі бекітіледі. Тарифтің мұндай жүйесі суды үнемдеуге сеп болады. Яғни, тіршілік нәрін неғұрлым көп қолданатындар ақысын сәйкесінше қымбаттырақ тарифпен төлейді.
Әр қазақстандықтың орта есеппен су тұтыну мөлшерін жіктесек, онда 4 санатты айқындаймыз. Айына 3 текше метрге дейін қолданатындар 49%-ті құраса, 5 текше метрге дейін тұтынатындар үлесі – 20%. Ауызсудың 10 текше метрін, жене одан артық қолданатындарды қоса есептегенде 31% шығады. Демек судың 4 деңгейлі тарифі осы өлшемдерге қарай белгіленбек.
Асхат Жапсарбай, тариф мәселесі жөніндегі халықаралық сарапшы:
- Көпбалалы үй болатын болсын немесе бір үйде 2-3 отбасы тұратын болсын, олардың бәрі заң бойынша тіркеліп отыратын болса, онда бұл тарифтің өсуі ешқандай әсер етпейді. Неге? Өйткені бұл бір үйге байланысты көлем емес, 3 шаршы метр – бұл бір азаматқа бөлінген көлем. Егер, мысалы, үйде 5 азамат тұрып жататын болса, онда 15 шаршы метр су болып есептеледі, ең төменгі сатылы тариф көлемге бекітіледі.