Қазақстанда экспорттық-кредиттік агенттік құрылады
Қазақстандық тауар өндірушілер шикізаттық емес тауар экспортының көлемін ұлғайтуы қажет.
Ол үшін Қазақстанда экспорттық-кредиттік агенттік құрылады. Бүгін Сенат тиісті заң жобасын мақұлдады. Осылайша, азаматтық және бюджеттік кодекстерге, сондай-ақ 8 заңға өзгерістер енгізіледі. Ұйым Kazakh-ЭКСПОРТ экспорттық сақтандыру компаниясының орнын баспақ. Сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын, оның ішінде қаржылық мәселелерді біріктіреді. Агенттіктің қызметін бақылау - сауда және интеграция министрлігіне жүктелді. Сонымен қатар, депутаттар агенттік басшысының жыл сайын Парламент алдында есеп беруін міндетті етуді ұсынды.
Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- ЭКА елеулі қаржы ресурстарын шоғырландыра отырып, мемлекеттік қолдау шараларының кең спектрін іске асыратын ерекше мәртебеге ие екенін атап өткен жөн. Сондықтан, Сауда және интеграция министрлігінің мемлекеттік қолдаудың іске асырылып жатқан шараларын қоса алғанда, ЭКА қызметін бақылау және қадағалау функцияларын күшейтуі орынды деп санаймыз.