Үй бағасы күрт көтерілмейді

Былтырғы жылдың 11 айында елімізде 15 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға артық.

Соның арқасында 140 мыңға жуық отбасы қоныстойын тойлады.

Құрылыс қарқыны тұрғын үй бағасына да әсер еткені сөзсіз. Нарықтағы баға қандай?

- Былтыр ел бойынша құрылыс қарқыны артты. Тек, тұрғын үй емес, мектеп, балабақша мен медициналық нысандар да көп салынды.

Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 6 трлн теңгеге жуықтады. Саладағы өсім 12 пайыздан асты. Әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүргізілді. 70 мектеп, 44 балабақша, 2 аурухана мен 31 емхана тұрғызылды.  Әрине, саладағы өсімге мемлекет қолдауы оң әсер етті. Мәселен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың зейнетақы шотындағы қаржыны қолдануға рұқсат беруі – пандемиядан кейінгі кезеңде сұраныстың артуына себеп болды.

«Отбасы банк» арқылы үйлі болғандар да баршылық. Былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 2 пайыз жеңілдікпен 4 400 несие берілсе, «Шаңырақ» бағдарламасы шеңберінде 5 пайыз жеңілдікпен 2700 несие иесін тапты. Биыл жаңа «9-20-25» бағдарламасы басталады. Жаңа жобаның нақты талаптары әзірленіп жатыр. Әзірге, ғылым саласының мамандарына арналған жоба пилоттық режимде іске қосылды. Бағдарлама бес жылға жоспарланған. Максималды несие көлемі – 20 миллион теңге. Магистр деңгейі бар жасы қырыққа жетпеген ғалымдар несиеге өтініш бере алады. Тек, үміткерлер соңғы үш жылда зерттеу жұмыстарына атсалысып жүруге тиіс. Сондай-ақ, тағы бір талап – бағдарлама арқылы үй аламын деген ғылыми қызметкердің атында баспанасы болмауы қажет.

ЦИТАТА:

Бұрын «7-20-25» бағдарламасына қатысу бойынша шектеу қойылмайтын. Мәселен, 2019 жылы үй сатып алған адам баспана бағасы қымбаттағанда, оны сатып жіберіп, қайта үй алатын. Енді кез келген адам бұл бағдарламаға бір рет қана қатыса алады. Сондай-ақ, несиеге өтініш берген адамның атында кейінгі бес жылда ешқандай баспана тіркелмеуге тиіс. Біз бұл деректі мемлекеттік деректер базасы арқылы тексеретін боламыз. Жаңа бағдарлама арқылы тек салынып біткен үйлерді ғана емес, енді салынып жатқан үйлерді де сатып алу туралы ұсыныс енгіздік».

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы

Нарықтағы баға сұранысқа қарай түзілетіні белгілі. Былтырғы желтоқсанда пәтер бағасы бойынша Астана көш бастады. Бұдан кейін Алматы, Шымкент мегаполистері мен мұнайлы Атырау және Ақтау қалалары орналасқан. Еліміз бойынша пәтердің орташа бағасы әр шаршы метріне 494  898 теңге сомасында қалыптасты.

Бұдан төмен бағада Ақтөбе мен Оралдан үй сатып ала аласыз. Шамамен, бір шаршы метрі 260-270 мың теңге тұрады. Ал, ең арзан үй – Жезқазғанда. Кеншілер шаһарында пәтердің бір шаршы метрі 160 мың теңгеге бағаланды.

Негізі желтоқсан айында пәтер бағасы орта есеппен 3,4 пайызға өсті. Ең үлкен өсім – Қызылорда қаласында. Сыр бойында баспана 12 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ, Қызылордадан кейін 10 пайыз өсіммен – Петропавл, 8 жарым пайызбен Павлодар қаласы орын тепті.

Жаңа салынған үйлер бағасы желтоқсан, 2023 ж., теңге/шаршы метр

Астана – 588 834

Алматы – 577 570

Шымкент – 435 734

Ақтау – 410 605

Атырау 399 350

Орал – 277 000

Ақтөбе – 259 000

Жезқазған – 160 000  

Сарапшылар биыл баспана күрт қымбаттамайтынын айтады. Дегенмен, жаңа салынған үйлер емес, қолданыстағы баспанаға сұраныс өседі дейді олар.

Баспана күрт қымбаттамайды 

Айбар Олжай, сарапшы:

- 2024 жылы тұрғын үй нарығында, менің ойымша әсіресе, екінші нарық, жаңағы қолданбалы пәтерлерді сату-сатып алу нарығында көбірек белсенділік болады. Бірақ, ол өз кезегінде үлкен бір тұрғын үй бағасының өсуіне алып келеді деп айту қиын. Біздің инфляция деңгейімен шамалас өсу 3, мысалы, одан төмендеу кішкене 2-3 пайыз  деңгейінде алға жылжитын сияқты.  

Сарапшының айтуынша, өткен жылдарға қарағанда биыл баға көтерілуі баяулайды. Сондықтан баспаналы боламын дегендерге осы уақытты сәтімен пайдалануға кеңес береді. Ал қолданыстағы үйге деген сұраныстың артуын жаңа салынып жатқан үйлердің құрылысынан табылып жатқан кемшіліктермен түсіндіреді. Бұдан бұрын Астана және басқа бірқатар өңірлер әкімдігі кейбір тұрғын үй құрылысын заңсыз деп тауып, сүруге нұсқау берген-ді. Мұны көріп отырған халық енді құжаты түгел, толық салынған үйді алуға ұмтылатыны анық.

Үйдің бағасына құрылыс материалының құны да әсер етеді. Үкімет саладағы отандық өнім үлесін арттыруға күш салып отыр. Бұл үшін құрылыс материалдары өндірісін күшейту қажет. Осы орайда 2027 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Мұнда жалпы құны 1 триллион 8 млрд теңге болатын 270 жоба қамтылды. Былтыр 41 жоба іске қосылды. Олардың арасында Қарағанды облысындағы әк өндіретін және Астанадағы асфальт-бетон зауыттарын атап өту керек. Сондай-ақ Абай облысында цемент кәсіпорны қайта іске қосылды. Ал жақын уақытта Шымкентте 3 өндіріс жұмысын бастайды. 

2027 Жылға дейінгі жол картасы

Барлығы 270 жоба

Жалпы құны 1,8 трлн теңге

Жалпы былтыр республикада құрылыс материалдарының өндірісі 10 пайызға өсті. Осының нәтижесінде отандық тауар үлесі 62-ден 66 пайызға жетті. Әрине бұл олардың нарықтағы позициясының нығайып, бәсекеге қабілеті артқанын көрсетеді.