Қарағанды облысында заңсыз құрылысқа қарсы күрес күшейді
Құрылыстағы кілтипан Қарағанды облысында да бар.
Жергілікті Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының дерегінше, қалада салынып жатқан 11 көп қабатты үйдің тиісті құжат топтамасы толық емес.
Осыған қарамастан компания өкілдері үлескерлердің қаржысын пайдаланып, құрылысты бастап кеткен.
Қарағандыда салынып жатқан нысандардың ішінде бірде-бір компанияның үлескер қаржысын пайдалануға заңды рұқсаты жоқ. Осыған қарамастан кейбір құрылыстың жарнамасы жер жарып, халықтың қаржысына үй салған. Соның бірі мына 250 - ге жуық пәтері бар үй. Салынып бітіп, тұрғындардың кейбірі тіпті қоныстанып алған. Бірақ сәулет-құрылыс бақылау басқармасы компанияның құрылыс жүргізуге рұқсат құжаттары болмаған дейді.
Қайрат Нұрмұратов, қала тұрғыны:
- Халықтың не жазығы бар? Сатты үйді. Басында келіспесе бар емес пе биліктегілер, тоқтатып тастамай ма!? Ал қазір үйде тұрғаныма 1 ай болды. Мен қайда барамын енді?
Абылайхан Әмірбеков, құрылыс компаниясының басшысы:
- Біз не себепті тиісті құжатсыз құрылыс жүргізідік деген сауал бар. Бірінші кезекте бұл нысанды дер кезінде аяқтау үшін жасалды. Яғни құрылысты да бастап, сол уақытта құжаттарды да ретке келтіреміз деп ойладық. Қазақстанда жүздеген нысан бар, құжаты дұп-дұрыс бірақ ондаған жыл тұрып қалған. Ал біз үлескерлер алдындағы жауапкершілікті орындағымыз келді. Сот осындай шешім шығарады деп күтпедік. Енді апеляциялық шағым түсіреміз. Әйтпегенде үлескерлерге барлық қаржыны қайтарып беретін мүмкіндігіміз жоқ.
Қарағандыда рұқсат құжаттарынсыз үй салған 11 нысанға мемлекеттік құрылыс инспекторлары сотқа шағымданып, үкім шыққан соң полициямен де барып айыппұл салғандарын айтады. Бірақ олар жұмысты жалғастыра берген. Сондықтан мамандар үй алмас бұрын құрылыс компания жайлы ресми ақпаратты біліп алуға кеңес береді.
Сержан Аймақов, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:
- Осы нысандар бойынша ақпарат жыл бойы өте аз болды деген осындай сауалдар, осындай талаптар бірнеше күн бойы қойылып жатыр. Мен мұнымен келіспеймін, негізгі ақпарат бізде әркез болып тұрды. Күн сайын нақты уақыт режимінде осы заңдарды бұзып отырып, құрылыс жұмыстарын бастаған белгілі бір құрылыс салушылар туралы біз ақпаратты күнделікті беріп отырамыз.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігiнің мәліметінше, соңғы үш жылда ел ішінде заңсыз құрылыс жүргізген 309 компания әкімшілік жазаға тартылған. Қазіргі таңда тек Қарағанды қаласының өзінде құжатсыз салынған 3 тұрғын үй кешенін сүру бойынша іс сотта қаралып жатыр.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар