Еліміз өзін электр энергиясымен толық қамтамасыз етеді
Бұл үшін жаңа қуат көздері іске қосылады.
Бүгін Үкімет отырысында электр энергетикасын одан әрі дамыту жайы қаралды. Қазір ел бойынша 220 электр станциясы жұмыс істейді. Болжам бойынша энергия тұтыну көлемі өсе береді. Сондықтан таяу жылдары жаңа қуат көздерін кезең-кезеңмен енгізу және қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту көзделіп отыр. Бұл ретте көмір генерациясының үлесі едәуір азайтылады. Көмірді жаңартылатын энергия көздері мен газ генерациясы алмастырады. Мемлекет басшысы Жолдауында кемінде 14 ГВт қосымша қуат көздерін іске қосуды тапсырған. Жалпы ішкі өнімді 2 есе өсіру үшін осындай көлемде энергия қажет. Үкімет басшысы "ол үшін энергетика саласы тез дамуы керек" деді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15% үлесіне қол жеткізу мақсатында Total Energies, Acwa Power және Masdar сияқты стратегиялық инвесторлармен ірі жобалар іске асырылатын болады. Жалпы 2035 жылға дейін Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне шамамен 26 ГВт базалық және маневрлік генерацияны іске қосу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030 жылға қарай оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.