Жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне сұраныс жоғары
Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің маңызы зор.
Сала өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Салыстырар болсақ, азық-түліктен кейін екінші орынды иеленеді.
Саланы жаңғырту мен ілгерілету бағытында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Елімізде жеңіл өнеркәсіптің өрісін кеңейтіп отырған 1 445 кәсіпорын бар. Онда 22 мыңнан астам адам еңбек етеді. Былтыр өнім көлемі 221 млрд теңгеден асты. Көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 12%-ке өскен.
Өткен жылдың 9 айында жеңіл өнеркәсіп нарығының көлемі 3,5 млрд АҚШ долларына жетті. Бірақ бұл ауқымдағы отандық тауар өндірушілер үлесі 5%-тен сәл ғана асады. Ал қалған 95%-ке жуығы импортқа тиесілі. Бізге жеңіл өнеркәсіп өнімін жеткізуші негізгі елдер – Қытай, Түркия және Ресей. Осы мерзім ішінде экспорт көлемі 125 млн АҚШ долларын құраған. Біз ара-тұра Ресей, Қытай және Қырғызстанға осы сомаға тауар жөнелтеміз.
Өткен жылы жеңіл өнеркәсіп саласына 26 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған. Бұл – тоқыма, киім-кешек, былғары өнімдері өндірісін жолға қоюға бағытталған қаржы.
Айта кетейік, елімізде басқа өңірлермен салыстырғанда Алматы мен Шымкент қаласында, Ақмола, Алматы және Түркістан облысында жеңіл өнеркәсіптің әлеуеті тәуір.