Орталық Азия елдері Еуропалық инвестициялық банкпен келісім жасады
Брюссельде өткен «Еуроодақ-Орталық Азия» инвесторлар форумында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Еуропалық инвестициялық банкпен құны бір жарым миллиард еуро болатын жобаларды бірлесіп қаржыландыру туралы меморандумға қол қойды.
Жанат Эрнст, тілші:
- Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде маңызды рольге ие. Шығыс пен Батысты байланыстыратын ұтымды жоба. Былтыр еліміз бен Еуроодақ арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 4 миллион тоннадан асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда төрттен бір есе артық.
Еуропа мен Азия арасындағы көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру үшін бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қажет. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан, сондай-ақ Қазақстанның Даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банк арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумдар осы мақсатты көздейді. Жобаларды бірлесіп қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен бір жарым миллиард еуроны құрайды.
Тереса Червинска, Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті:
- Еуропалық инвестициялық банк Орталық Азияда көп жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Біз көбіне энергия, таза су және экономиканың негізі болып табылатын көлік саласын инвестициялауға мән береміз. Осы мақсаттарға 11 миллиард еуро бөлдік. Бұл аймақтағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған.
Инвестициялық форумның ашылуында сөз сөйлеген еліміздің Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстан Еуропа мен Азияның қақ төрінде орналасқандықтан көлік-транзит саласында маңызды рольге ие екенін атап өтті. Ол сондай-ақ соңғы жылдары дамуы қарқындай түскен авиация саласына да тоқталды. Бұл Орта дәліз жолындағы жаңа бағыт.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Алдағы 5 жылда көлік саласындағы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін бізге кемінде 40 миллиард еуро инвестиция тарту керек. Ұзындығы 4,7 мың шақырым болатын басты транзиттік дәліздер қайта жаңғыртылады. Бұл жолдардың барлығы Орта дәліздің негізін құрайды. Осы мақсаттарға Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты халықаралық қаржы ұйымдарынан 20 миллиард еуро тартпақпыз.
Тараптар Орта дәліз бағыты бойынша жүк тасымалдауда Ақтау және Құрық теңіз порттарының маңыздылығын атап өтті. Елімізде қуаттылығы 40 Г/ватт «жасыл» сутегін өндіру жобасы басталғаннан кейін Құрық портынан жылына 12 миллион тонна «жасыл» аммиак тасымалданады. Осы ретте министр Марат Қарабаев еуропалық компанияларды Орта дәлізді дамытуға инвестиция салуға шақырды.
Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов