Мобильді аударымдар түгел тексерілмейді
Мемлекеттік кірістер органдары азаматтардың мобильді аударымдарын түгел тексермейді.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сөзіне қарағанда, қатарынан 3 ай бойы әртүрлі тұлғалардан 100 немесе одан да көп ақша аударымдары түсіп отырған жеке шоттар ғана бақылауға алынады. Себебі мұндай белсенділік кәсіпкерлік қызметтің белгісі саналады. Қазір кәсіпкерлерге жаңа ережелер барынша түсіндіріліп жатыр.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Біз базарлар мен автотұрақтарда да халықты ақпараттандырып жатырмыз. Бұл жұмысқа мемлекеттік органдармен қатар банктерді де қостық. Яғни, түсіндіруді бірлесіп жүргіземіз. Осылайша, биыл алдын-ала ескертеміз, келесі жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтардың және 3 ай қатарынан 100-ден аса аударым жасалған жеке тұлғалардың есепшотын бақылауға аламыз.