Қазақстандық жүргізушілер шекаралық шектеуге қарсы
Қазақстандық жүргізушілер жүкті қайта тіркеп, тиеу арқылы тасымалдауға тыйым салуға қарсы, деп хабарлайды 24KZ.
Бұрын жүк жеткізуші кәсіпкерлер шекарада тауарды шет елдердегі әріптестерінен қабылдап алып, әрі қарай тасымалдаумен айналысатын. Алайда 2017 жылы мұндай тасымалдау механизміне шектеу қойылды. Бұл алпауыт компанияларға тиімді болғанымен, көптеген кіші кәсіп иелерін тығырыққа тіреді. Алайда жауапты министрлік жақын уақытта тыйымды жойып, мәселені шешуге ниетті.
Маңғыстаулық жүргізушілердің жүк тасымалдаумен шұғылданып жүргеніне көп болды. Олар көрші елдерден келетін тауарларды шекарадан қайта тіркеп, тиеу арқылы келесі мекенжайға жеткізеді. Алайда олардың жұмысы 2017 жылдан бері қиындап кеткен. Әр жылдары бұл кәсіп түріне шектеу енгізілетін көрінеді. Соңғы 2 жылда шекарадағы жағдай реттелгенімен, жыл басынан бері бұл мәселе тағы да көтерілді. Аталған тыйым тек ірі жүк тасымалдаушыларға тиімді көрінеді.
Марат Найзабеков, жүк тасымалдаушы кәсіпкер:
- Министрліктің өкілдері Темір баба кеден бекетіне келіп, сол жердегі жағдайды көріп, содан бізге, жүк тасымалдаушыларға, бір жылға қайта тіркеуге рұқсат берген болатын, жұмысымызды жалғастыра беруге. Сол енді бір жыл уақыт деген өте қысқа уақыт қой, былай. 2024-тің 1 қаңтары да жетіп келді, қайтадан тыйым күшіне еніп, қайта тіркеуге тыйым салынды.
Маңғыстаулықтардың мәселесі барлық жүргізушілерге ортақ. Алайда тыйым тек қайта тіркеп, тиеуге қатысты. Жүк тасымалдаушылар шекара асып, тапсырыс қабылдауына ешқандай шектеу қойылмаған. Бірақ біздегі біраз жүргізушінің шетелдік шенген визасы жоқ. Ал енді біреуінің ескі көлігі еуропалық стандарттарға сай келмейді.
Селим Қуанышұлы, ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазіргі кезде министрліктің тиісті бұйрық жобасы дайындалған. Ол мемлекеттік органдармен келісіліп, қазіргі кезде Әділет министрлігінің қарауында. Егер Әділет министрлігінен оң қорытынды алынған жағдайда шамамен алдымыздағы 10 күнде бұл бұйрық жобасы күшіне енетін болса, жаңағы тыйым 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін алынып тасталады да, біздің жаңағы Маңғыстаудың да тасымалдаушылары жұмыс істейтін болады. Басқа бағытта да жұмыс істейтін боламыз осы механизммен.
Иә, құзырлы министрлік те отандық кәсіпкерлердің мәселесін шешуге ниетті. Өйткені тыйым салынғаннан кейін біздегі жүк көліктерінің үлесі 20%-ке азаюы мүмкін. Мәселе былай. 2023 жылы шекарадан 7,6 млн тонна жүк тасымалданған. Оның 51%-ін отандық жүргізушілер жеткізген көрінеді. Көбі осы қайта тіркеп, тиеу арқылы шекарадан алып өткен. Жағдай реттелмесе, ел экономикасы 100 млрд теңге пайдадан қағылады, - дейді министрлік өкілдері.
Селим Қуанышұлы, ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
- 2017 жылы мына автакөлік тасымалы нарығында, Қазақстанға әкелетін, әкететін жүктегі біздің отандық жүргізушілердің үлесі 51% болған. Ал енді қарасақ, 2017-ден бастап 2021 жылға дейін жаңағы қайта тіркеуге тыйым салынды ғой, сол кезде осы үлес 20%-ке төмендеп, 31%-ке жетті. Ол 20% дегеніңіз – біздің Қазақстанның экономикасына құйылмаған қыруар қаражат.
Қазір тасымалдау ісімен алпауыт компаниялар ғана айналысып отыр. Олардың жеткізу құны арзанға түспейтіні белгілі. Ал ол тауар құнының артуына әкелетіні тағы бар.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ержан Рахманбердиев.