БҚО-да «Жастар практикасы» бағдарламасымен сегіз жүзден астам адам жұмысқа тұрды
Батыс Қазақстан облысында былтыр «жастар практикасы» бағдарламасымен 800-ден астам жас маман жұмысқа орналасқан.
Бүгінде олар өз саласы бойынша еңбек етіп жүр. Жалпы тәжірибесі жоқ түлектерге қалай жұмыс тауып беруге болады?
Назира Ғұбайдолла жарты жыл бұрын Оралдағы педагогикалық колледжді бітірді. Дипломы қолына тиген бойда жұмыспен қамту орталығына барған. Ондағылар жас маманды балабақшаға орналастырды.
Назира Ғұбайдолла, тәрбиеші:
- Осында «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа тұрдым. Мекеме маған қатты ұнады. Тәрбиешілер өте жақсы, жоғары деңгейде жұмыс істейді.
Жұмыспен қамту орталығына жұмыс берушілер жиі хабарласады. Олар үшін бұл бағдарлама тиімді болып тұр. Өйткені «Жастар практикасымен» жұмысқа тұрған жас маманның жалақысына жұмсалған шығынды мемлекет өз есебінен өтейді.
Аружан Тілекова, әдіскер:
- Олар біздегі білікті тәрбиешілерден тәжірибе жинайды, яғни алдағы өмірге үйренеді. Оқуды аяқтаған жас мамандарға көмек ретінде бұл программа өте қолайлы.
Жоғары оқу орындары мен колледж бітірген түлектерді өңірдегі 400-дей мекеме мен кәсіпорын жұмысқа ала алады. Мамандардың айтуынша, бүгінгі еңбек нарығында педагог, есепші, заңгер мен бағдарламашылар сұранысқа ие.
Айнұр Қазмұханова, Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары:
- 2023 жылы «Жастар практикасы» аясында 1438 адам жолданған болатын. Аталған азаматтардың қазір 60 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Қалғандары «Жастар практикасын» жалғастыруда. Оған жаңа бітірген түлектер, мамандығы бойынша жасамаған жастар 35 жасқа дейінгі қатыса алады.
Аталған бағдарламаны Батыс Қазақстан облысында жүзеге асыру үшін қазынадан биыл 2,5 млрд теңге бөлінді. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірдегі 2 мыңға жуық жас маман жұмысқа орналасады.
Ардақ Айбарұлы, Альбина Кұмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Болат Жарылгасов