Елде баспанаға сұраныс 16%-ке төмендеп кетті

Алматыдан басқа барлық өңірде сауда бәсеңдеген.

Сарапшылардың айтуынша, 3 жылда пәтер құны 40%-ке қымбаттаған. Тұрғын үй нарығындағы тоқыраудың себебі неде?

Баспананың бұлай қымбаттауына сұраныстың артуы, зейнетақы қорынан ақша алуға рұқсат берілгені, доллар бағамының өсуі, құрылыс материалдарының қымбаттауы ықпал еткен. Жылжымайтын мүлікке қатысты басқа да жаңалық бар. Мысалы, зейнетақы жинақтарын үй алуға пайдалану мүмкіндіктері өзгеруі мүмкін.

Тұрғын үй нарығы

Елде үйге сұраныс азайды. 2024 жылғы қаңтарда тұрғын үй сатып алу-сату бойынша 31 мыңнан астам келісім жасалған. Бұл 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 16%-ке аз. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, бір айда Алматыдан басқа барлық өңірлерде көрсеткіш төмендеп кетті. Мысалы, Түркістан облысында тұрғын үй саудасы 43%, Ұлытау облысында 40%, ал Батыс Қазақстан обылысында 35% азайған. Ұлытаута бір айда 265 келісімшарт жасалыпты. Алматы мен Астанада және Қарағанды облысы баспана саудасы бойынша көш бастап тұр.

 

Зейнетақы жинақтарын пайдалану шарты

Зейнетақы жинақтарына үй алу шарты өзгеруі мүмкін. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қолданыстағы талаптарды жаңартуды ұсынды. Министрлік жариялаған жобада негізгі екі өзгеріс бар. Біріншісі – Отбасы банкіне аударылған бір реттік зейнетақы төлемдерін сақтау мерзімін 3 жылдан 8 жылға дейін ұзарту. Қазір қазақстандықтар Отбасы банктен шот ашқаннан бастап құжаттарды ұсынып, мақсатын таңдайтын. Бірақ сараптама мұндай азаматтардың көбі үш жылда баспанаға қажет соманы жинап үлгермейтінін көрсеткен. Зейнетақы шотына қатысты шекті соманың ұлғаюына байланысты бір реттік зейнетақы төлемдерінің көлемі де айтарлықтай қысқарады. Сондықтан ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың үй алу мүмкіндігін арттырады, - дейді министрлік өкілдері. Сондай-ақ қолданыстағы ережеге сай тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін банкпен жасалған шарттар бұзылса, ақша зейнетақы қорындағы арнайы шотқа 3 күнде қайтарылады. Министрлік осы мерзімді де ұзартуды ұсынып отыр.

Даубек Керімбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитетінің тұрғын үй қатынастары басқармасының бас сарапшысы:

- Қағидалаларға сәйкес тұрғын құрылыс жинақ ақшасы туралы шарт бұзылған жағдайда бір жолғы зейнетақы төлемінің сомасы үш жұмыс күн ішінде БЖЗҚ шотқа қайтарылуға жататын еді. Қазіргі біздің ұсынысқа сәйкес құқықтарды зайыбына беруді қоспағанда бір жолғы зейнетақы төлемінің сомасы алушының арнайы шотына қолдану үшін мүмкіндік беріледі. Яғни, ол кісіде 20 күн мүмкіндік болады. Ол өзінің арнайы шотына түседі. Сосын ол кісіге мақсат таңдауға 20 күн мүмкіндік беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап тұрғындарға үй алуға, емделуге немесе инвестициялық компанияларға беру үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қолдануға рұқсат берілді. 2023 жылдың қыркүйегіндегі деректерге сай қазақстандықтар зейнетақы жинақтарынан баспана алу үшін 3 трлн теңгеден астам қаражат алды.

 

«Ұлттық қор – балаларға»

Қазақстандықтар Ұлттық қордан түскен жинақтарын пайдаланып жатыр. Әсіресе оңтүстік өңірдің тұрғындары белсенді. Отбасы банкінің хабарлауынша, Тараз бен Шымкент жастары белсенді. Барлығы 30-дан аса өтініш түскен.

Еске салайық, 18 жасқа толған бала қордан түскен қаржыны пайдалана алады. Ол үшін ең алдымен enpf-otbasy.kz платформасында шот ашу керек. Егер «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қатысушысы Отбасы банкінің клиенті болса, онда ағымдағы шот платформада ашылады. Содан кейін жеке кабинетке өтесіз. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражат алуға сұрау саласыз. Сосын баспана алуға немесе оқуға дегеннің бірін таңдайсыз. Қаражат ағымдағы шотқа түсуі тиіс. Бұдан бөлек, порталда ақшаны қай мақсатқа пайдаланатыныңызды растайтын құжаттарды жүктейсіз. Банк сіз берген өтінімді, жүктелген құжаттарды тексереді. Оң шешім қабылданса, қаражат клиент мақсатына байланысты бағытталады. Жыл соңына дейін барлығы 300 мың жас қордың игілігін көреді деп күтіліп отыр.

Айбол Арғынғазинов, ҚР Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры:

- Ұлттық қордағы соңғы 18 жылда қалыптасқан орташа инвестициялық кірістің мәні 695 519 269 млн АҚШ доллары сомасындағы қаражат 6 919 131 балаға теңдей бөлініп, әрбір баланың есепшотына 100 АҚШ доллары, 52 цент мөлшерінде нысаналы салым түсті.