Биыл төрт миллионға жуық азамат декларация тапсырады
Биыл төрт миллионға жуық адам декларация тапсыруы тиіс.
Олар басшылар, заңды тұлғалардың құрылтайшылары, сондай-ақ бизнес өкілдері мен олардың жұбайлары. Декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов мәлімдеді. Осы күнге дейін 120 мыңнан астам қазақстандық шетелдік активтер мен жылжымайтын мүлік туралы есеп берді. Сондай-ақ антиквариат, өнер туындылары және бағалы металдар да декларациялауға жатады. Бұл үшін заттың тұпнұсқа екенін дәлелдейтін сараптама және бағалау қорытындысын ұсыну керек. Келесі жылы зейнеткерлер, студенттер және үй шаруасындағы әйелдер де декларация тапсырады.
Қайрат Миятов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:
- 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларациялаудың төртінші кезеңі басталады. Онда шамамен 6,4 млн азамат есеп береді. Осылайша барлығы 13 миллионнан астам адамды қамту жоспарланған. Сонымен қатар 1і қаңтардан бастап табыс және мүлік туралы декларацияның формасы жеңілдетілді. Енді жалдамалы қызметкерлерге жалақысы туралы ақпарат берудің және Қазақстанда тіркелген мүлікке туралы деректерді жазудың қажеті жоқ. Ол ақпаратты біз тиісті органдардан аламыз. Салық салынатын кірісті есептегенде, декларациялаудан өткен активтердің құны ескеріледі. Сондықтан оны толтырмас бұрын тиісті құжаттарды дайындауға кеңес береміз.