Судың сұрауы бар, каналдың бұрауы бар
Түркістан облысында ұзындығы 12 мың шақырымнан асатын 3 мыңнан аса канал бар.
Оның 75 проценті ескіріп, жөндеуді қажет етеді. Бұл су арналары «ҚазСуШар» кәсіпорнына, коммуналдық және жеке меншікке тиесілі.
Енді биыл өңірде қанша канал бетондалады? Қанша шақырым арық-атыз механикалық тазалаудан өтеді?
Сайрам ауданында ұзындығы 432 шақырым болатын 47 канал бар. Алайда су арналарының 90% әбден ескірген. Мамандар биыл ұзындығы 78 шақырым болатын бірнеше канал механикалық тазалаудан өтеді деп жоспарлап отыр. Бүгінге дейін соның 8 шақырымы тазаланыпты. Бұған дейін ұзындығы 50 шақырым болатын 7 канал ғана бетондалса, биыл тағы 5 шақырым канал күрделі жөндеуден өтпек.
Тазалау жұмыстары жүріп жатқан Ақбай-Қарасу каналынан 124 шаруа қожалығы су тұтынады. 620 гектар жер суғарылады. Алайда әбден ескіріп, су өткізу қабілеті төмендеп кеткен. Мамандар биыл су арнасының 5 шақырымы бетондалып, қалғаны механикалық тазалаудан өтетінін айтады. Нәтижесінде қосымша 800 гектар жер қолданысқа енгізіледі.
Сайрам ауданының тұрғындары негізінен ағын суды Ақсу өзенінен алады. Бірақ соңғы уақытта қар мен жаңбырдың аздығынан өзен суы төмендеп кеткен.
Әмзе Қалмұратов, Сайрам аудандық "Ақсу" МКК директоры:
- 2016 жылы осы Ақсу өзенінде 122 млн текше метр су алған екенбіз. Ал 2021 жылы 78 млн текше метрге дейін азайып кеткен. Сонда 35 млн текше метр су, таудан келетін судың өзі азайып кеткен. Негізі бізге ауданды толық қамтамасыз етуге 131 млн текше метр су қажет. Ал енді көктемде келетін суға қарап жұмыс істейміз. Тапшылық болады. Бірақ сол тапшылық болған кезде біз аудан арасында 3-4 күн бір каналға, 5-6 күн бір каналға кезек жасап, солай су береміз.
Былтыр су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, Түркістан облысындағы суару жүйелерін қалпына келтірудің 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Жаңадан 3 су қоймасы салынып, 8 гидротехникалық нысан қалпына келтірілмек. Одан бөлек, ауылдық жердегі 40 нысан күрделі жөндеуден өтеді. Жалпы облыста соңғы 5 жылда 245 шақырым канал бетондалып, 1100 шақырым қашыртқы тазаланды. 61 мың гектар жерге су жеткізілді.
Ермек Кенжеханұлы, облыс әкімінің орынбасары:
- Биыл да ауқымды жұмыстар жоспарланған. Оның ішінде 65 шақырым канал жүйесін бетондау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар мыңнан астам қашыртқыны механикалық тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Нәтижесінде 20 мың гектардан астам жердің мелиоративтік жағдайын ұлғайтамыз. Сондай-ақ 8 мың гектар суармалы алқаптың су жеткізу қабілетін жоғарылататын боламыз. Бұл біздің биылғы жылға жоспарлаған жобаларымыз.
Жалпы облыс аумағында жарты миллионнан астам гектар суармалы жер бар. Алайда ағын судың тапшылығы, жердің тұздануы және жерасты су деңгейінің көтерілуінен 63 мың гектары игерілмей отыр. Мамандар бүгінгі күні каналдарды жөндеудің нәтижесінде 30-35% ағын суды үнемдеуге қол жеткізгенін айтады.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов, «24.KZ» Түркістан облысы