Өнімді азайтпай, егісті қысқартайық

Аз күнде күн жылып, жер аяғы кеңиді. Көктем – қырдағы еңбектің қызатын шағы.

Иә, кетпенін иығына салған диқандар қос тігіп, егіс басында жүретін күндер жақындап қалды.

Егіс демекші, биыл кей алқапта дақыл түрлерін азайтып жатыр екенбіз. Ол неден?

Биылдан бастап күріш пен мақта егуді азайтамыз. Оның орнына күнбағыс пен жем-шөп дақылдарын көптеп егеміз. Яғни суды көп қажет ететін егін алқаптары азаймақ.

Майлы дақылға сұраныс жоғары

Кейінгі жылдары елде су тапшылығы туындағаны белгілі. Мәселен, былтыр Жамбыл облысындағы диқандар құрғақшылықтың зардабын тартты. Енді майлы дақылдарға деген сұраныс артып келеді. Сол себепті Үкімет егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі бағдарламаны жүзеге асырып жатыр.

Биыл 24 млн гектарға жуық жерге дән себіледі. Бұл былтырғыға қарағанда 115 гектарға аз. Мұның ішінде бидай мен арпа алқаптары қысқармақ. Мақта 16 мың, күріш 6400 гектарға азаяды. Ал майлы дақылдарға солтүстік өңірде кеңінен орын берілмек.

Атап айтқанда, Ақмола облысында – 400 мың гектарға;

Қостанай облысында – 85 мың;

Солтүстік Қазақстан облысында – 65 мың;

Абай мен Павлодар облыстарының әрқайсында 11 мың гектардан ұлғаяды.

Жалпы биыл майлы дақылдардың ең үлкен алқаптары Солтүстік Қазақстан, Қостанай мен Ақмола облыстарының еншісінде болмақ.

Өңдеу кәсіпорындарының қуаты мен нарықтағы ахуалды ескере отырып, Алматы және Жетісу облыстарындағы жүгері алқаптарын 15 мың гектарға қысқарту бойынша жұмыс жүргізу қажет деп санаймыз. Дәнді дақылдарды қысқарту есебінен жоғары пайда түсіретін негізгі дақылдар алқаптарын ұлғайту қажет. Атап айтқанда, биыл майлы дақылдарды 3,2 млн гектарға дейін жеткізу керек. Әкімдіктердің өздері шаруалардың мүмкіндіктері мен материалдық-техникалық базаның болуына қарай қай майлы дақылдарды еккен дұрыс екенін анықтай алады, – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Үкімет пайда түсіретін негізгі дақыл ретінде майлы дақылдарға баса назар аударып отыр. Былтыр ел бойынша 3 млн гектарға жуық жерге майлы дақыл егілді. Жарты миллион тоннадан астам күнбағыс майы алынды. Кейінгі жылдары бұл өнімге ішкі нарықпен қатар, шетелден де сұраныс артып келеді. Әсіресе іргедегі көршілердің қызығушылығы жоғары.

Орталық Азиядағы елдердің климаты күнбағыс өсіруге қолайсыз. Бұрын бұл салада Украина көш бастап келген еді. Енді Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстандағы кәсіпорындар қазақ диқандарына үмітпен қарауға мәжбүр. Қазір Орталық Азиядағы күнбағыс майының 90 проценті бізде өндіріледі.

Бұдан бөлек, Қытай да Қазақстан өнімін сатып алуға ниетті. Шығыстағы көршімізден құйылатын инвестиция жыл санап өсіп келеді. Қазір отандық агроқұрылымдар қытайлық инвесторлармен бірге майлы дақылдардың бірнеше түрін өсіруді қолға алды.

Егіс көлемі кемісе де, өнім азаймайды

Ал егіс көлемі кеміген дақылдарға келсек. Алқабы азайғанымен, өнім мөлшері кемімейді. Мәселен, елдегі күріш егістіктерінің 80 проценттен астамы тиесілі Қызылорда облысында түсімді 25 процентке дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Күріштің егіс көлемі азайғанымен, агротехнологияларды қатаң сақтау, минералды тыңайтқыштарды өз деңгейінде пайдалану, тұқым сапасын жақсарту, жаңа сорттарды өндіріске енгізу арқылы өнімділігін 20-25 процентке дейін арттыруға толық мүмкіндік бар. Осының есебінен жыл сайын 450-460 мың тонна күріш өндіру көзделген. Бұл еліміздің күрішке қажеттілігін толық қамтамасыз етеді және экспорттық әлеует сақталады. Егісті әртараптандыру, агротехнологияларды жақсарту шаралары жеңілдетілген несиелендіру, субсидиялау секілді мемлекеттік қаржылай қолдауды қажет етеді. Дайын жобаларымыз бар, - дейді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Сүтті көбейту үшін жем-шөп керек

Қазір елде жылына 6 млн тоннадан астам сүт өндіріледі. Үкімет алдағы екі жылда ішкі нарықты сүтпен толық қамтамасыз етпек.

Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін жем-шөп керегі белгілі. Елде малшаруашылығын дамытуға қатысты келелі жобалар қолға алынды. Мәселен, биыл үлкен жоба аясында 65 тауарлы сүт фермасы салынады. Былтыр жобаға 100 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында сүт өндірісі жылына 400 мың тоннаға артады. Ал жем-шөп дақылдарына арналған жер 96 мың гектарға ұлғаяды.

Егіс алқабы ұлғаятын тағы бір дақыл қант қызылшасы. Бұл – әлеуметтік маңызы бар көкөніс. Нарықта жоғары сұранысқа ие. Қызылша егілетін жер көлемі 13 мың гектарға артады. Бүгінде өндірушілерге мемлекеттен жан-жақты қолдау көрсетіледі. Яғни диқандарға өнімнің әр тоннасы үшін 25 мың теңгеден төленеді. Сондай-ақ былтырдан бері қызылша өсіруге қажет арнайы техника құны 50 процентке дейін өтелетін болды.

Азық-түлік қауіпсіздігі – стратегиялық тұрғыдан алғанда маңызды мәселе. Аймақтағы геосаяси ахуал шиеленіскелі бері қазақстандық агроөнеркәсіптің нарығы ұлғайды. Ендігі мақсат – осы мүмкіндікті тиімді пайдалану.

Нұрқанат Қанапия, "24.KZ"