Қарыз алмайын десем... Шымкентте 400 адам банкрот болған
Шымкентте жүздеген кәсіпорын сот шешімімен банкрот деп танылды.
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының мәліметінше, былтыр тағы 13 жеке кәсіпкер қаржылық қиындықтарға тап болып, шығынға батқан. Мамандар сотқа өтініш берушілердің қатары анағұрлым көп екенін айтады.
Қазір бұл бағытта заңды және жеке тұлғаларға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Қарызсыз қоғам" жобасы арқылы тегін курстар ұйымдастырылып жатыр.
Қала тұрғыны Наргиз Омарова қаражатты ұтымды басқарып, шығынды оңтайландыруды үйреніп жүр. Тегін курс қаржылық сауаттылықты арттыруға көмектесіп қана қоймай, алаяқтарға алданбауды үйретіп, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануға шақырады. Айтуынша білім көкжиегін кеңейту қай кезде де кеш емес.
Наргиз Омарова, қала тұрғыны:
- Маңызды мәселелердің бірі болған банкроттық туралы, несие, қаржы, қаржыны дұрыс пайдалану туралы барлық мемлекет жағынан беріліп жатқан субсидия, гранттар. Соларды дұрыс пайдалану, соларды қалай қолдану мүмкіндігі бар!? Осы туралы мол ақпарат алып жатырмыз.
Жоба сарапшыларының сөзінше, заңды тұлғалар мен кәсіпкерлерге де жеке-дара көмек көрсетудің маңызы зор. Себебі заң күшіне енгелі 4 мыңға жуық өтініш қабылданса, жүздеген кәсіпорын мен 400-ге жуық жеке тұлғаға банкроттыққа қатысты шешім шыққан. Ал қалған өтініштердің рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды. Сондықтан олар төлем қабілетін оңалтып, жұмыс орнын сақтап қалған.
Айдын Қисметов, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы:
- Әдейі банкроттық берген жағдайларда жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан бүгінгі таңда біздің тұрғындарымызды және жеке кәсіпкерлерді, заңды тұлғаларды банкротқа бармауы үшін барлық амалдарды жасап, түсіндіріп жатырмыз. Ең бірінші мәселе – қаржылық сауаттылықты көтеру және банкроттан кейін қандай салдары болуы мүмкін, соны түсіндіреміз. Негізі борышкерлердің осындай тығырықтан шығуының ең бірінші мәселесі – білім сауатын көтеру.
Сот шешімімен қызметін тоқтатқан нысандар қатарында құрылыс фирмасы, сауда-саттық кешені, шағын өндіріс орындары мен цехтар бар. Ал Шымкентте 140 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген болса, банкроттық деп танылғандардың үлесі анағұрлым аз дейді сала мамандары. Керісінше соңғы 5 жылда бизнес өкілдерінің саны 7 есеге өскен.
Үсен Исаев, Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Мемлекеттік қолдау шаралары аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие қарастырылған. Банк несиесін субсидиялау арқылы кәсіпкерге алғашқы 3 жылда 8% болса, 4-жылы 9%, 5-жылы 10%. Жалпы несие көлемі 15 млрд-қа дейін. Бізде көбінесе жаңа бизнес субъектілері көбейіп жатыр. Бұл мемлекет қолдауы тарапынан осындай шаралардың арқасында деп ойлаймын.
Ал жоба қатысушылары тиыннан теңге құраудың маңыздылығын үйреніп қана қоймай, берешекті өтеу кестесін әзірлеуге кеңес ала алады. Сонымен қатар қарыз жүктемесін жеңілдету үшін заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Бұл өз кезегінде «Қарызсыз қоғам» құруға үлкен пайда әкеледі дейді мамандар.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов, 24.KZ, Шымкент