Қазақстанда 20-ға жуық электр стансасы салынады

2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы 6 гигаваттан асады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

Енді қайтпек керек? Үкіметтің не ойлағаны бар? Жоспар қандай?

Әрине, Энергетика министрлігі бірнеше электр стансасын тұрғызатынын хабарлады. Әсіресе жаңартылатын энергия көздері мен көгілдір отынды көптеп пайдаланбақ.

Жиырмаға жуық электр стансасы салынады

Қазір жылу-электр орталықтарының орташа тозу деңгейі 56% межесінде тұр. Жалпы елде 220 электр станcасы бар. Оның ішінде 144 нысанның жалпы қуаты – 2,8 гигаватт. Былтыр қуаты 495 мегаватт болатын 16 жылу-энергия көзі жұмысын бастады. Соның есебінен тозу деңгейі шамалы жақсарды.    

2035 жылға дейін Қазақстанда тағы 19 энергия нысаны тұрғызылады. Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұлардың қатарында 9 газ электр стансасы бар. Олардың арасындағы ең қуаттысы Түркістан облысында бой көтереді. Жаңа стансаның қуаты 1 мың мегаваттан асады.

Сондай-ақ министрліктің тізімінде Екібастұзда қуаты 1200 мегаватт болатын ГРЭС, Көкшетау, Семей мен Өскеменде 4 жылу электр орталығы салынатыны айтылады. Жезқазған мен Атырауда да газ электр стансалары бой көтермек.

Ал 2029 жылға дейін Астана, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Түркістан облыстарында салынатын газ стансаларының екеуі электрмен қатар жылу да береді.

 

Энергия тапшылығы 6 гигаваттан асады

Энергия тұтыну көлемі туралы сөз қозғасақ. Былтыр елдегі тұтыну көлемі 115 млрд киловатт/сағат болды. Ал өндіріс көлемі 113 млрд киловатт/сағатқа жақындады. Көрші елдерден 3,4 млрд киловатт/сағат энергияны сатып алдық. Өзіміз 1,4 млрд киловатт/сағатты экспорттадық. Жалпы елдегі тапшылық көлемі алдағы жылдары өсе бермек. Ал Орталық Азия елдеріндегі тапшылық 2030 жылға қарай 2,7 гигаватт көлемінде болады, – дейді Энергетика министрі.

«Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау, ел экономикасы мен халқын сенімді энергиямен жабдықтау қажеттігін, сондай-ақ электр энергиясын тұтынудың жыл сайын өсетінін ескере отырып, жаңа энергия қуаттарын енгізу және қолданыстағы электр стансаларын жаңғыртуды жүзеге асыру қажет. Бекітілген қуат теңгеріміне сәйкес 2030 жылға қарай резервтің қажетті деңгейі 17% болғанда электр қуатының қажеттілігі 28,2 ГВт-ты құрайды. Бұл ретте жаңа қуаттарды ескергенде қолда бар қуат 22 ГВт-қа жетеді. Шамамен 4 ГВт жаңа қуат көздерін қосқанның өзінде Біртұтас электр энергетикалық жүйедегі қуат тапшылығы 6 ГВт-тан асады», – Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі.

Министрдің айтуынша, Энергетика министрлігі осы тапшылықты жауып, экспорттық әлеуетті ұлғайту үшін электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Мұнда қосымша шамамен 26 ГВт жаңа қуат енгізу қарастырылады.

 

Көмірдің үлесі кемиді

Министрлік энергетика саласын күшейтуде баламалы қуат көздері мен көгілдір отынға арқа сүйейді. Жоспар сәтімен жүзеге асса, 2035 жылға қарай энергияның 24%-і жаңартылатын энергия нысандарынан алынады. Газдың үлесі 26%-ке жуықтайды.

Ал әзірге мұндағы көмірдің үлесі 53%-тен асады. Жаңартылатын энергияға шамамен 12%-і тиесілі. 

Электр энергиясын өндіру көздері

2023 жыл:

Көмір – 53,3%

Газ – 24,8%

ГЭС – 10,2%

ЖЭК – 11,8%

 

2035 жыл:

Көмір – 34,3%

Газ – 25,8%

ГЭС – 10,8%

ЖЭК – 24,4% ))

Жаңартылатын баламалы энергияны және газ генерациясын іске қосу арқылы көмір үлесі едәуір төмендейді. Осылайша, 2035 жылға дейін ауаға шығатын көміртегі деңгейін жылына 44 млн тоннаға дейін төмендету көзделіп отыр.

Министрдің айтуынша, 2030 жылға қарай елдегі газдандыру деңгейін 65%-ке дейін жеткізу жоспарланған. Былтыр газдандыру көрсеткіші 60%-ті еңсерді. Яғни, 12 млн адам газға қол жеткізді. «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша, 112 елді мекен газға қосылды. Сондай-ақ компания былтыр былтыр ішкі нарықтағы газ бағасын субсидиялауға 175 миллиард теңге бөлген.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Қазақстанның газдандыру мәселесі де жүріп жатыр. 112 елді мекен газға қосылды. Газ ресурстық базасы да артып жатыр. Ұлттық компания жаңа «Анабай» газ кен орнын іске қосты және де «QazaqGaz» ұлттық компаниясының ресурстық бағазасын арттыруға бағытталған іс-шаралар нәтижесі бойынша ішкі нарыққа 19%-ке көбірек газ берілді.

Биыл газдандыруды жалғастыруға мемлекеттен 90 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржы 244 мың адамды газбен қамтамасыз ету үшін жеткілікті.

Сөйтіп, жыл соңында 61%-тен асады. Халықтың сұранысын және кәсіпорындар мен жаңа жобалардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады. Аталған жобалардың ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық құбырының 2-ші желісін, «Ақтөбе – Қостанай», «Талдықорған – Үшарал» магистралдық құбырлары мен «Сарыарқа» құбырының 3 тармағы салынады. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін шетелден инвестиция тарту жоспарланған.