Қостанай облысында «Ауыл аманаты» бойынша 600-ге жуық адамға несие беріледі
Биыл Қостанай облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 600-ге жуық адамға несие беріледі.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Мемлекеттік бағдарлама тұрғындардың өз кәсібін ашуына немесе оны әрі қарай дамытуына жол ашады.
Рашад Нағашыбайұлы балаларына ата кәсіптің қыр-сырын үйретуден жалыққан емес. Ол отбасымен 1995 жылы Бейімбет Майлин ауданындағы Валерьянов ауылына Монғолиядан көшіп келген. «Мал баққанға бітеді» деген тәмсілді ұстанып өскен азамат шағын шарауашылықты кеңейтпек ойы бар.
Рашад Нағашыбайұлы, ауыл тұрғыны:
- Мұнан бірнеше жыл бұрын несие рәсімдегіміз келген. Әйелімнің атына. Бірақ әртүрлі себептермен ала алмадық. Биыл Үкімет тағы 2,5 пайызбен несие береміз деп жатыр. Соны алып шаруашылықпен айналысу ойымызда бар.
Көп балалы ана Рыскелді Айтуған да ауылда тұратын ағайынға мал шаруашылығы негізгі кіріс көзі дейді. Өйткені мемлекет ата кәсіппен айналысуға қолайлы жағдай жасап отыр.
Рыскелді Айтуған, ауыл тұрғыны:
- Отағасы екеуіміз сол шаруашылықты үлкейтсек дейміз. Сүт, қаймақ, майын сатамыз. Етін еттей сатамыз.
Рас, ауыл тұрғындарының көңілінде күдік тудыратын жәйттер де жоқ емес. Мысалы, былтыр Бейімбет Майлин ауданында осы бағдарламаға қатысу үшін құжат тапсырғандардың жартысынан көбі несие ала алалмаған.
Ринат Оспанов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Былтыр несиені тоғыз адам алды. Бірақ 20 адам құжат тапсырған болатын. Кейбіреуінің құжаты дұрыс болмады, енді бірінде кепілге қоятын мүлік болмады. Дегенмен олар назардан тыс қалмайды. Биыл бәрін қамтуға тырысамыз.
Мемлекеттік бағдарламамен тұрғындарды көбірек қамту үшін «Ауыл аманатына» бөлінген қаржы облыс бойынша биыл 2,5 есе өсті. Мысалы былтыр 1,6 млдр теңге қарастырылса, биылғы көрсеткіш 3,8 млдр теңге болып отыр. Бұл қаржы 580 адамды қамтуға жетеді.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров