Дубайда Қазақстанның сауда үйі ашылды
Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан қазақстандық кәсіпорындардың сауда-экономикалық миссиясы аясында 28 миллион АҚШ долларына келісім жасалды, деп хабарлайды 24KZ.
Отандық бизнес-делегацияны Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастап барды. Іс-шараға 60-тан астам отандық компания өкілдері қатысты.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- EXPO Dubai көрме орталығының аумағында орналасқан ұлттық павильонда бүгін Made in KZ өнімдерінің тұсаукесері өтетін Қазақстан сауда үйі ашылып, Qaz Steppe Innovation Hub жұмысын бастады. Іс-шараға екі елдің 200-ден астам компаниясы, сондай-ақ мемлекеттік орган, бизнес ұйым өкілдері жиналды.
Өткен жылы Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы тауар айналымы 329 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстандық экспорт 210 миллионнан астам, Әмірліктер біздің елге шамамен 119 миллион доллардың тауарын жөнелткен. Сауда-экономикалық әлеует жоғары, елдер сауда көлемін 1 миллиардқа жеткізуді жоспарлап отыр. 2 күндік келіссөздер нәтижесінде тараптар 28 миллион 650 мың доллардың келісіміне қол қойды.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Ауыл шаруашылығы өндірушілері, азық-түлік жағынан бал өндірушілер, ет өндірушілер сияқты өндірушілердің арасында қол қойылған шаралар. Біздің өндірушілер ақша алып, Офтейк-келісімшарттарға, тұрақты шарттарға қол қойып, сондай 5-6 жылға шарттарды енгіздік біз.
Парсы шығанағы нарығына сауда ағынын ұлғайту үшін Үкімет маңызды шаралар орындап отыр. Бұл бағыт қазақстандық экспорттаушыларға ауыл шаруашылығы тауарларын Құрық портынан Парсы шығанағы мен Африка елдеріне жылдам жеткізуге мүмкіндік береді.
Анвар Ниетқалиев, «Қазақ Агро Экспорт» компаниясының директоры:
- Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысы, Ұлытау облысы. Қой етін осында экспорт жасаймыз. Көлемі 10 миллион доллар бір жылға. Ең біріншіден, бізде қой еті, сосын құс болады, сосын уылдырық, құдай қаласа, және тағы басқа өнімдерді экспорттаймыз.
Хамад Альджумах, кәсіпкер:
- Қазақтың етіне Әмірліктерге ғана емес, Сауд Арабиясында, Катар мемлекеттерінде сұраныс жоғары. Сондықтан бүгін, міне, үлкен көлемде шарт жасастық.
Қазақстан павильоны бұдан былай озық қазақстандық стартап жобалардың да басын біріктірмек. Инновациялық хаб отандық IT жобаларды Әмірліктер нарығына шығару, сүйемелдеумен айналыспақ. Тек өткен жылдың өзінде бұл елге қазақстандық IT өнімдері мен қызметтерінің экспорты 5 есе өсіп, 500 миллион долларға жеткен.
Аружан Меде, IT компания басшысы:
- Біз БАӘ-ге енді шығып жатырмыз. Офлайн түрде істеп жатқан компанияларын цифрландыруға, онлайн түрінде жұмыс істеуге көмектесеміз.
Павильон инфрақұрылымы кәсіпкерлерге жылдың соңына дейін тегін беріледі. Сауда үйінің ашылуына келгендер қазақстандық тауарлардың көрмесін тамашалады.
Бақытжан Жұмаділ, кәсіпкер:
- Мынау – біздің ата-бабаларымыздың тамақтары. Көшіп жүргенде жолда жейтін. Алты ай дайындалады. Арабтар қызығып жатыр. Арабтарға алтынмен қаптаймыз.
Дубайда өткен Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясына елімізден 60-тан астам компания өкілдері арнайы келді. B2B кездесулері ұйымдастырылып, қазақстандық және әмірлік кәсіпорындары арасында тікелей байланыс орнады.
Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Ералы Тілеуіш.