Елдегі дәрі-дәрмектің 80% шетелден әкелінеді
Елдегі дәрі-дәрмектің 80 пайыздан астамы шетелден тасымалданады.
Сондықтан кенжелеп тұрған фармацевтика саласын ілгерілету қазір басым бағыттардың бірі. Денсаулық сақтау министрлігі алдағы бес жылда отандық дәрі-дәрмектің өндірісін 50 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Үкімет қаулысымен арнайы бағдарлама бекітіліп, фармацевтиканы қолдау шаралары қолға алынды.
Фармацевтика – экономиканың маңызды бөлігі. Қазір салада 193 отандық компания жұмыс істейді. Оның 150-і медициналық бұйым, 43-і дәрілік заттар шығарады. Былтыр кәсіпорындар 144,3 млрд теңгенің өнімін өндірген. Қазақстандық фармкомпаниялар дәрілік заттың 1015 түрі мен медициналық бұйымның 1882 түрін шығарады. Дегенмен, нарықтағы дәрілік заттардың тек 14 жарым пайызға жуығы өз елімізде жасалады.
Қанатбек Беріков, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бас сарапшысы:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық дәрі-дәрмектердің үлесін 29 жылға дейін 50 пайызға дейін жеткізу тапсырмасы берілген болатын. Осы тапсырманы орындау үшін қазіргі таңда Үкіметпен «жол картасы» бекітіліп, бұл жол картасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша 10 жылдан қосымша 3 жылға дейінгі ұзарту қарастырылған. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақта орналасқан объектілерге мүлік және жер салықтарынан босату қарастырылған.
Елімізге сырттан келетін дәрі-дәрмек көп. Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығына жыл сайын 6 мыңға жуық өтініш келіп түседі. Оның 2-3 проценті сапасы мен қауіпсіздігі бойынша талаптарға сай болмай шығады. Нәтижесінде мемлекеттік тіркеуге жіберілмейді. Кейінгі 4 жылда нарықта адам денсаулығына зиян келтіретін қауіпті қоспалары бар 10 препарат анықталған.
Шынар Байдуллаева, дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы департаментінің басшысы:
- Сырттан әкелінетін дәрілер Қазақстанда 2 кезеңдегі тексерістен өткізіледі. Бірінші кезеңдегі тексеріс ол тіркеуге дейінгі тексеріс болады. Бірінші сатысы- біріншілік тексеру. Ол бізге беріліп жатқан құжаттардың барлығын заңға сәйкес келу, сәйкес келмеу және оның толықтығы. Одан кейінгі сатымыз ол күрделі специализированный деп айтамыз ғой, мамандандырылған тексерілу боп жүргізіледі. Ол жерде біз дәрілік заттардың сапасын, олардың өндіру жолдарын тексереміз. Дәрілер біздің елімізге кіре бастаған кезде бізде тіркеуден кейінгі тексеру өтеді.
Дәрі-дәрмек өндірісін дамыту үшін ірі шетелдік компаниялармен әріптестік құру жоспарланған. Олармен бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге асады. Елімізде олардың филиалдары ашылады.
Қанатбек Беріков, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бас сарапшысы:
- Ірі шетелдік фармацевтикалық компаниялар, яғни Бигфарма деп айтамыз.Ірі фармацевтикалық компаниялардың өндірісін оқшаулау арқылы инвестиция тарту. Сонымен қатар қолданыстағы құқықтық нормативтік актілерге өзгеріс енгізу, сонымен қатар оны әрмен дамыту секілді біршама бағытта жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар қолданыстың келісімснің әртүрлі кезеңдерінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия және Израиль секілді елдермен инвестициялық жобалар қазіргі таңда қолға алынуда, қарастырылуда.
Дәрі-дәрмек өндірісін дамытып, елімізді отандық өніммен қамтуға мүмкіндік бар. Бұл ретте сапаға ерекше мән беріледі. Өткен жылы сапаны бағалаудың қорытындысы бойынша мемлекеттік тіркеуден өткен 120 мыңнан астам дәрілік заттарға арнайы сертификат берілді.
Қуандық Танабасов, Салтанат Кенжебай, Ақылбек Есімсейітов