Үкімет басшысы инфляцияны төмендетуді тапсырды
Елімізде күріш, жұмыртқа, сары май, макарон өнімдері мен жеміс-жидек қымбаттаған.
Премьер-министр Олжас Бектенов азық-түлік бағаларының өсуін барлық қазақстандық сезіп отырғанын айтты. Себебі орталық және жергілікті атқарушы органдардың инфляцияны төмендету жөніндегі шаралары жеткіліксіз. Биылғы екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ға жетті, енді оны 8% деңгейінде ұстап тұру қажет.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Айта кетейік, жылдың алғашқы екі айында ел экономикасы 4,2%-ға өскен. Құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік, қоймалау, өңдеу өнеркәсібі салаларында оң динамика бар. Өңірлер арасында ең жоғары өсім Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстары мен елордада байқалса, Ақмола, Атырау, Маңғыстау облыстарында инвестиция көлемі төмендеген. Қаңтар-ақпан аралығында өңірлерде 2 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Құрылыста өсудің жоғары қарқыны сақталуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі 12,7%-ке ұлғайды. 18 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Қызылорда, Жамбыл және Павлодар облыстарында байқалды. Тұрғын үйді пайдалануға берудің айтарлықтай төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды. Ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында және Астана қаласында тіркелді.