Еліміздің сирек қазба байлығын игеруге Британия технологиясы тартылады
Сирек кездесетін жер элементтерін игеру үшін Британ технологиялары тартылатын болады.
Лондонда маңызды минералдар саласында ынтымақтастықты нығайту жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Алдағы уақытта Қазақстан Ұлыбританиямен бірлесіп, геологиялық барлау, пайдалы қазбаларды өНдіру және өңдеу жұмыстарын жүргізбек.
Мемлекет басшысы Қазақстанның сирек жер металдарын “Жаңа мұнай” деп атап, оларды игеруді үкіметке тапсырған болатын. Маңызды міндетті жүзеге асыру үшін жаңа технологиялар қажет. Осы мақсатпен Лондонға Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі келіп, Ұлыбританияның Бизнес және сауда істері жөніндегі мемлекеттік министрімен кездесті.
Шархан Иран, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Қазақстан бойынша айтсақ қазір бізде сирек жер элементтері өте көп. 18 элеметіміз бар. Оның ішінде сегізін өңдеу мәселесін пысықтадық. Қазір жұмыс істелуде. Тағы 10 элементіміз бар. Технологиялар жоқ, бірақ пайдалы қазбалар бар. Ол үшін технологиялар керек.
Бір жыл бұрын Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли Қазақстанға іссапармен келіп, маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойғаны белгілі. Бүгінгі Жол картасы сол келісімнің заңды жалғасы.
Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:
- Жол картасында қай салада серіктестік орнатылатыны нақты жазылған. Бұл жерде мәселе өзара тиімді ынтымақтастық туралы екенін түсіну керек. Британиялықтар ресурстық базамызға қол жеткізуге мүдделі болса, біздің үкімет олардың технологияларының трансферті туралы нақты талаптар қойып жатыр.
Құжатта елімізге жаңа технологиялар тартумен қатар маңызды минералдар тізбегін декарбонизациялау, сондай-ақ ғылыми-зерттеу әлеуетімізді дамыту мәселелері қамтылған.
Нусрат Гани, Ұлыбританияның өнеркәсіп және экономикалық қауіпсіздік министрі:
- Бұл өзара түсіністік туралы меморандумды ілгері жылжытуға бағытталған батыл қадам. Жол картасының нәтижесінде Қазақстанда британиялық компаниялар көкжиектерін кеңейтіп, тәжірибелерімен бөліседі деген зор үміттеміз.
Бүгінде британиялық Maritime House компаниясы қазақстандық “Жезқазғансирекметалл” кәсіпорнымен бірлесе отырып, рений элементін өндіруді бастап кетті. Rolls-Royce компаниясымен серіктестік орнату туралы келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ еліміздің Ұлттық геологиялық қызметі Британ геологиялық барлау қызметімен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Ғалымжан Қараманұлы