Елді жасыл аймаққа айналдыру міндеті тұр

Наурыз – жер-дүние жасарып, жаңаратын уақыт. Яғни, бабаларымыз ертеден көктемде ауыл маңына ағаш егу парыз деп білген.

Иә, қазір ағаш егуге айрықша көңіл бөлініп отыр. Мәселен, Президент елде 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш егу туралы тапсырма берді. Бүгінде бұл жұмыс қалай жүріп жатыр?

Президенттің ағаш егу туралы тапсырма беруі тегін емес. Себебі жердің көркі – ағаш. Бұл экологиялық мәселені шешуде үлкен маңызға ие.

Боран мен дауылдан қорған болған орман

Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш егу туралы тапсырма берген еді. Президент тапсырмасын орындауда «Жасыл аймақ» кәсіпорнына зор міндет жүктеліп отыр. Астананы аяз бен бораннан, шаң мен дауылдан қорғайтын «жасыл белдеуді» күтіп-баптау, аумағын кеңейтуде мекеменің рөлі ерекше. 

Қазір республикалық кәсіпорынға қарасты аумақ 87 мың гектардан асады. Оның 46 600 гектарында орман өсіп тұр. «Жасыл аймақтың» көздегені – осы алқапты жыл санап ұлғайту. Кәсіпорын жылына 3 мың гектар жерге дейін шыбық егеді. Тіпті 2022 жылы ағаш еккен аумақ 4 мың гектарға жетті. Мұның сыртында жыл бұрын егіліп, көктемей қалған шыбықтардың орнына да қайталап ағаш егеді. Бұл жұмыстармен былтыр 4 мың гектарға жуық алқап қамтылды.

Ағаш отырғызылған жер көлемі

2021 жылы – 2 278 га

2022 жылы – 4 000 га

2023 жылы – 2 912 га

2024 жылы – 2 772 га

Негізінен Арқа жеріне бейім қайың қарағаш, үйеңкі, қарақат сынды ағаштар егіледі. Кәсіпорын тал шыбықтарын өзі өсіреді. Бұл үшін арнайы жабдықталған екі тәлімбақ бар. Осы жерде шыбықты екі жыл өсіргеннен кейін далаға апарып отырғызады. Бұл питомниктерде бір мезгілде 12 млн түп ағаш өсіруге болады. Ол ағаштарды еккеннен кейін де күтіп-баптау жұмыстары толық жүргізіледі.

Мұхит Рамазанов, «Жасыл аймақ» РМК бас директоры:

- Биылғы жылға енді 2 772 гектар жерге орман егу жоспарлап отырмыз. Отырғызуға кететін көшеттер саны – 6 780 531 дана. 2020 жылы отырғызған ағаштардың бәріне күтіп-баптау жұмыстарын жүргіземіз. Оның ішінде жаңағы мехеникаландырған күтіп-баптау жұмыстары 46 мың гектар жерге, қолмен күтіп-баптау 30 мың гектар жерге жоспарланып отыр. Одан кейін суару жұмыстары 159 гектарға жоспарланып отыр.

 

Маусымдық жұмысқа 600 адам тартылады

Бас директор айтқан жұмыстардан бөлек, орман алқаптарынан тыс 11 мың 500 гектардағы ағаштарды күту міндеті де мекемеге жүктелген. Маусымдық жұмыстарға мыңға дейін адам тартылады. Мысалы, биылғы көктемге 600-ден астам жұмысшы қатарға қосылады. Ал кәсіпорында тұрақты түрде 500-ге жуық адам еңбекпен қамтылып отыр. Маусымдық жұмысқа 200-ден астам техника жұмылдырылады.

Мұхит Рамазанов, «Жасыл аймақ» РМК бас директоры:

- Орташа жалақы 200 мыңға дейін алады. 200, 200 мыңнан асады. Бізде маусымдық жұмыскерлердікі жұмыс істегеніне байланысты. Бір күнде адам, мысалы, қолмен қопсыту жұмыстарын 0,5 гектар істейді. Сол бойынша адам, мысалы, қанша жұмыс істейді, бір айда қалмай жұмыс істейді, сол істеген жұмыс көлеміне байланысты жалақы алады. Әрқалай, 300 мыңнан астам алатындар бар.

 

840 миллионға жуық ағаш егілді

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сәйкес 2021 жылдан бері 840 млн-ға жуық ағаш егілді. Ал биыл 360 млн ағаш егу жоспарда тұр. Жалпы Президент тапсырмасын уақытында орындау үшін әкімдіктер жұмысты ширатуы керек. Бұған дейін аталған министрліктегі алқа отырысында Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе облыстарында бұл жұмыстың ақсап тұрғаны айтылған еді.

Енді қалған екі жыл ішінде 1 миллиардтан астам ағашты егу оңай жұмыс емес. Тіпті әкімдіктер егетін ағаш таппай қалуы да мүмкін. Себебі елдегі орман шаруашылықтарының тәлімбақтарында ең көп дегенде 242 миллион көшет өсіруге болады.

 

Арал табанына сексеуіл егілді

Тағы бір айтып өтер мәселе, Арал теңізінің аумағына сексеуіл егіледі. Жоспар бойынша 1 миллион 100 мың гектар жерде сексеуіл тамыр жаюға тиіс. Бұл теңіз табанынан көтерілетін тұздан сақтап, экологиялық апаттың зардабын азайтады.

3 жыл ішінде 545 мың гектарға сексеуіл отырғызылды. Бұл жұмыстарға волонтерлер де үлес қосып отыр. Мәселен, осы айдың басында 80-ге жуық қыз-жігіт еліміздің әр түпкірінен осы Аралда жиналды. Мыңдаған шақырымды жүріп өтіп, арнайы келген жастар 5 мыңнан астам сексеуіл екті. Волонтерлер бұл көшеттердің тамыр алып кететініне сенімді. Себебі ағаштар минералды заттарға бай лай себетінде өсірілген. Яғни, суару қажет емес. Бұйырса, сексеуілдер 4 жылдан кейін тұқым береді.