Мамыр айында елде жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады
Президент Атырауда өткен құрылтайда осындай тапсырма берді.
Наурыз мейрамы қарсаңындағы қуанышты жаңалықтың бірі осы болғаны сөзсіз. Бұл жаңалықты мыңдаған қазақстандықтар қуана қабылдағаны анық.
Осы айдың басында «Отау» бағдарламасының тұсауы кесілген еді. Жаңа бағдарламаның айырмашылығы, әлеуметтік осал топтар мүддесі барынша ескеріледі. Яғни, оларға несие 7%-пен беріледі.
«Отау»: 22 500 өтініш түсті
Мемлекет басшысы жаңа бағдарламада әлеуметтік осал топтағы жандар қамтылуы тиіс екенін айтты және оларға арналған несие өсімін 7%-тен асырмауды тапсырды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарына арналған тұрғын үй бағдарламасын қолға алуға назар аударды.
Ал 1 наурызда басталған «Отау» бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. «Отбасы банктің» мәліметіне сүйенсек, 18 күннің ішінде 22 мың 500 өтініш түскен. Оның 12 мыңы бағдарлама талаптарына сай. Алайда биылға бөлінген қаржы тек 8 мың несиеге жетеді.
Қазір 18 бен 35 жас аралығындағы 1 млн 300 мың қазақстандықтың басыбайлы баспанасы жоқ. Ал «Отауға» бөлінген қаржының жартысынан астамын жастарға беру көзделген.
Ипотекалық несиенің сыйақы мөлшерлемесі – 9%. Бастапқы жарна 20%-тен асуға тиіс. 19 жылға дейін беріледі. Өңірлерге қарай несиенің ең жоғарғы сомасы әртүрлі. Мәселен, Астана мен Алматы қалалары үшін 30 млн теңгеге дейін барса, қалған өңірлердегі жоғарғы меже – 18 млн теңге.
Бағдарламаға қатысу талаптары қарапайым. Жасы 18-ден асқан және 63 жасқа толмаған кез келген қазақстандық қатыса алады. Қатысушы өтініш берген сәтте депозитте кемінде 1 млн теңге болуға тиіс. Сондай-ақ кейінгі 6 ай ішінде ресми табысы болғаны шарт. Өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінде атында кейінгі 5 жылда үй болмағаны да маңызды және бір салымшы бағдарлама шеңберінде бір мәрте ғана несие алады. Ал депозит ашқанына 18 айдан асуы керек деген талап алынып тасталмақ.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
- Бағдарлама талаптары жеңілдетіледі. Енді депозиттің ашылғанына 18 ай толуы міндеттелмейді. Кез келген адам бүгін, ертең депозит ашып, өтініш бере алады. Қазір біз банк бөлімшелеріне тұрғындардың көптеп келіп жатқанын көріп отырмыз. Бағдарламаға қызығушылық жоғары. Сондай-ақ бұл бағдарлама арқылы жаңа салынған үйлерді де сатып алуға болады. Қазақстандықтар жаңа бағдарлама ашылса, үй бағасы қымбаттап кетеді деп алаңдайтыны белгілі. Осыған орай біз құрылыс компанияларымен бағаны көтермеу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Арнайы портал жұмысын бастайды. Барлық пәтерлер сол порталға орналастырылады. Сол жерде бағасы бақыланады.
«Отау» 7 жылға есептелген. Осы уақытта 50 мың адамды баспанамен қамтамасыз етеді. Жыл сайын 150 млрд теңге бағытталады. Бұл сома «Отбасы банктің» есебінен беріледі. Дегенмен бұл тек 8 мың несиеге жететінін айттық. Сондықтан «Отбасы банк» Президент тапсырмасы бойынша бөлінетін қаржы көлемін арттыруды көздеп отыр. Ол үшін 300 млрд теңгенің облигациясын саудаға шығарады. Сөйтіп, тағы 12 мың отбасыға өз үйін алуға көмектеспек.
Әлеуметтік осал топтар мүддесі ескеріледі
Ал Президент айтқан жаңа бағдарлама мамыр айының басында іске қосылуға тиіс. «Отбасы банктің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, жаңа бағдарламаның талаптары «Отауға» ұқсас болмақ. Тек әлеуметтік осал топтар үшін жеңілдіктер қарастырылады.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
- Әлеуметтік осал топтарға 7%-пен несие беріледі. Ал басқа салымшыларға келгенде мөлшерлеме жоғары болатыны анық. Қазір бұл мәселе қарастырылып жатыр. Жаңа бағдарлама 8 жылға жоспарланады. Соның нәтижесінде биыл несиеге қолы жетпеген адам келесі жылы да бағдарламаға қатысады. Біздің мақсатымыз – 7-8 жыл ішінде 60 мыңнан астам отбасыны өз үйімен қамтамасыз ету.
Ресми табыстың болғаны бұл жерде де маңызды. Табыс ретінде жалақы, жәрдемақы, шәкіртақы, яғни барлық кіріс түрлері есепке алынады. Сонымен қатар несие алуға табысы жетпеген азамат жанына тағы екі адамды тартуға болады. Ол адамның туыс болғаны шарт емес. Досыңызды, танысыңызды, тіпті бірге жұмыс істейтін әріптесіңізді тартсаңыз да болады. Тек олардың да ресми табысы болуы керек.
Қазір «Отау» бойынша банк өтінішіңізді мақұлдаған соң 6 ай ішінде үй алуға міндетелесіз. Ал осы уақыт аралығында үй алмасаңыз, банк берген келісім күшін жояды. Жаңа бағдарламада да бұл қамтылған. «Отбасы банктің» хабарлауынша, кемінде үш ай уақыт беріледі. Бұл бірақ әлі нақты емес. Банк бағдарлама талаптарын сәуір айының соңына дейін жариялауға тиіс.