Қазақстан «жаңа заман мұнайы» саналатын байлықтарымен азулы державаларды қызықтырып отыр
"Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар" дегенді естімеген қазақ кемде-кем.
Энциклопедиялар периодтық кестеде тұрған 118 элементтің 105-ін еліміздің кен орындарынан табуға болады дейді. Соның ішінде «жаңа заман мұнайы» аталып кеткен сирек металдар азулы державалар назарында. Ол қандай металдар? Қазақстан топырағында ғана емес, жалпы Жер қойнауында сирек кездесетін металдарға Скандий, Иттрий тобындағы Лантаноидтар, Литий, Бериллий, Титан, Ванадий, Вольфрам, Цирконий сынды бір топ химиялық элемент кіреді. Бұларды электр көліктерді, жел турбиналарын, тұрмыстық техниканы жасауда, авиацияда, атом энергетикасында, металлургия мен радиоэлектроникада қолданады. Сұранысы өспесе төмендемейтін салаға пайдалы қазбаға бай қазақстандық өндіріс орындарының қосқан үлесі де артып келеді.
Ғалымжан Төребек, ҚР ӨҚМ Түсті металлургия және сирек металдар басқармасының басшысы:
«Қазақстанда 10-ға жуық кәсіпорын бар. Ең алдыңғыларының бірі Өскемен титан-магний комбинаты. Ол компанияның өндіретін титаны әлемдік аэроғарыш өнеркәсібінің 21 пайызын қамтиды. Тағы да бір орны бөлек компания – «Үлбі металлургия зауыты». Бериллий өндірісінің жалпы көлемі 30 пайызға жуық әлемдегі орны. Екіншісі – тантал. Тантал өндіру бойынша әлемдегі 4 компанияның біреуі осы Үлбі металлургия зауытында орналасқан. Сондай-ақ рений. Рений өндірісінің әлемдегі 2 пайызы «Жезқазғансирекмет» компаниясымен өндіріледі.»
Алайда әлемдік орыны бар компанияларға келетін шикізаттың басым бөлігі шетелден. Отандық ресурстардың үлесін арттыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геологиялық барлау жұмыстарын көбейтіп, техногенді минералды қалдықтардың қайта өңделуін арттыруды көздейді. Ведомство өкілдері Қазақстанда 60 млрд тоннаға жуық осындай қалдықтар бар дейді. Осы қалдықтардың коммерциялық бағытта қайта өңделуі жылдық мөлшерде 10 пайызға жуықтайды. Мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан Еуроодақ, АҚШ, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея секілді елдермен ынтымақтастық орнатты. Шетелдік тәжірибені меңгере отырып, қолда бар өндіріс орындарын жаңғырту сирек металдар өндірісі саласының келесі межесі болмақ.