Қоймада шіріген пияз
Алматы облысындағы Шеңгелді ауылының қоймаларында сақталған 22 мың тонна пияз 10-15 күнде шіріп кетуі мүмкін.
Өніп, пайдаға жарамсыз болып қалған мол өнімді қоқыс полигондарына тастауға тура келеді. «Қыс бойы пиязға сұраныс болмады», - дейді диқандар.
Ақжол Чумаев басқаратын агрофирма былтыр «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан 157 млн теңге алып, 100 гектар жерге пияз екті. Одан 6 мың тонна өнім жиналды. Бүгінге дейін соның 1 мың 400 тоннасы ғана сатылды. Қазір қоймада 4 мың тоннадан астам пияз сақтаулы тұр. Енді шаруалар Үкіметтен көмек сұрайды.
Ақжол Чумаев, агрофирма директорының орынбасары:
- Біз ғана емес мына жерде, қаншама көрші қоймаларда далаға лақтырып жатқандар бар. Қоқысқа тастап жатыр. Баға да жоқ. Әйтпесе жылда біз ақпанға дейін сатып жіберетінбіз. Әлі шешілмей жатыр. Әлден пияздан бәрінің жүрегі қайтып қалды. Халық не егерін де білмейді. Еккен нәрсесі мүлде өтпейді. Үкіметтен көмек сұраймыз. Мынаны енді бір жағына өткізісіп көмектессін 15-20 теңгеден болса да. Бұл онсызда өз-өзін ақтамайды, болды.
Марлан Жолдахмет, Қонаев қаласы әкімінің орынбасары:
- Биыл пияздың өнімі өте көп болып отыр. Бүгінгі таңда сол пиязды сату бойынша аздаған қиындықтар туындады. Ол жөнінде әкімшілік тарапынан тиісті шаралар қолданып жатырмыз. Алматы төңірегіндегі «Алтын Орда» базарында пияз сату бойынша тегін алаң ұйымдастырылған болатын. Оған қоса экспортқа шығару мәселелері бойынша инвесторлармен де жұмыс істеп жатырмыз.