Егіннің жайын еккен білер...

Күн жылып, тоң жібісімен қырда еңбек қызады. Тіпті, шуақты оңтүстікте егіс науқаны басталып та кетті.

Қазір Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында 33 мың гектарға дән себілді. Ал жалпы ел бойынша мамырдың ортасына таман қырдағы жұмыс қызады.

Майлы дақылдар алқабы ұлғаяды

Үкімет биыл егін алқаптарын әртараптандыруға күш салып отыр. Осылайша, саланың дамуына қарқын бермек.

Биыл 24 млн гектарға жуық алқапқа дән себіледі. Бұл былтырғы көрсеткіштен 210 мың гектарға аз. Бидай алқабы 430 мың гектарға кемиді. Оның орнына әлеуметтік маңызы жоғары және пайдасы мол дақылдар егілмек. Мәселен, майлы дақылдар алаңы 385 мың гектарға ұлғаяды. Сөйтіп, егіс алаңы 3 млн гектардан асады. Сондай-ақ, күнбағыс алқабы 60 мың гектарға өсіп, 1 млн 200 мың гектарды еңсереді.

Көктемгі науқандағы маңызды мәселе – тұқым және тыңайтқышпен қамтамасыз ету. Биыл шаруаларға 2 млн 400 мың тонна тұқым қажет. Қазір 97 пайызы жиналды. Облыстар тұқымды субсидиялауға 13 млрд теңгеге жуық қаржы бөлмек.

Сонымен қатар, егіс жұмыстарына 1 жарым миллион тонна тыңайтқыш керек. Бүгінде фермерлерге 150 мың тоннаға жуық тыңайтқыш жөнелтілді. Тұқым және тыңайтқыш субсидиясына өтініш электронды форматта қабылданады.

Ерсайын Досымбетов, ҚР АШМ егіншілік департаменті басқармасының бас сарапшысы:

- Былтырдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, госагро ақпараттық жүйесі арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өтінім көрсетіледі. Сонымен қатар, бүкіл облыстық ауыл шаруашылығы басқармалары түскен өтінімді қабылдап, соларды орындауды іске асырады. Бұл ретте біздің министрліктің қағидаларына сәйкес, минералдық тыңайтқыштар сонымен қатар, тұқымдық, бұлардың барлығы министрліктің қағидалары негізінде есептеледі және төленеді.

Дизель отыны жеңілдікпен беріледі

Тағы бір маңызды мәселе – дизель отыны. Көктем және күз кезінде дизель бағасы шарықтап кететіні жасырын емес. Үкімет диқандарға дизельді арзан бағада ұсынады. Бұл жерде де биыл алғаш рет https://gosagro.kz/auth/login порталы арқылы өтініш жолдауға болады. Қазір республика бойынша 340 мың тонна дизельге өтініш түсті.

Дизельдің бір литрі 250 теңгеге бағаланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілінің айтуынша, бұл нарықтағы бағадан 15-17 пайызға дейін арзан.

Алайда, өтініш беру және дизельді алу рәсімі толық электронды форматта жүргізілсе де, көптеген шаруа көрсетілген мерзімде құжат тапсырып үлгермеген.

Ерсайын Досымбетов, ҚР АШМ егіншілік департаменті басқармасының бас сарапшысы:

- Шаруалар өз қажеттіліктерін ауыл шаруашылығы басқармаларына ұсынатын болады. Жалпы, облыстар бойынша қажеттілікті министрлік жинап, әрбір дақылға өзінің нормасы бар бекітілген, институттармен бекітілген. Мұнай өнімдері туралы заңға сәйкес оны Энергетика министрлігіне ұсынамыз. Энергетика министрлігі Петросан, Қазмұнайгаз секілді өзінің ресурс ұстаушыларымен кеңес өткізіп, оларды графикте бекітеді.

Қазір дизельдің 20 пайызы мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлерге жөнелтілді. Осы тұрғыдан келгенде облыс әкімдіктері жұмысты ширатуы қажет дейді министрлік.

Шегірткені жоюға ₸8 млрд бөлінді

Сондай-ақ, химиялық өңдеуді уақытында жүргізу де маңызды. Бұл орайда пестицидтер құнының жартысы субсидияланатынын айту керек. Қаңтар айында Үкімет шегірткенің көзін жою үшін 4 млрд теңге бөлді. Бұған дейін де 4 млрд теңге қарастырылған еді. Алайда, кейінгі жылдары үйірлі шегірткенің көбейуіне байланысты қаржы көлемін ұлғайтуға мәжбүр. Мәселен, былтыр 1 млн 585 мың гектарға таралады деген зиянкес іс жүзінде 1 млн 616 мың гектар алқапты отап кетті. Ал биыл шегіртке болжанған аумақтан екі есе үлкен жерге тарап, 2 млн 400 мың гектарға зиянын тигізуі мүмкін дейді мамандар. Яғни, өңделетін жер көлемі шамамен 1 млн гектарға ұлғайып отыр.

Үйірлі шегірткенің таралуы:

2020 жылы – 514 мың га

2021 жылы – 626 мың га

2022 жылы – 975 мың га

2023 жылы – 1,6 млн га

2024 жылы – 2,4 млн га ))

Биыл қант қызылшасының аумағы 25 мың гектарға жетеді. Сонымен қатар, суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азаяды. Мәселен, мақта алқаптары 116 мың гектардан 100 мың гектарға, яғни 16 мың гектарға кемиді. Күріш алқаптары 6400 гектарға қысқарып, 94 мың гектарға егіледі.

Нұрқатан Қанапия, 24.KZ