Елдегі энергия көзі. Жел мен күннің әлеуеті зор
Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайызға жеткізу керек. Үкімет іс-шаралар жоспарын бекітті.
Қазақстанның бұл қадамы Берлинде өткен энергетика саласы өкілдерінің кездесуінде оң бағаланды.
Қазір баламалы энергия көздерінен алынатын энергия үлесі 6 пайызға жуықтады. Иә, кейінгі кезде жаңартылатын энергия көздеріне назар аударыла бастады. Бұл тұрғыда күн, жел мен судың маңызы зор. Мәселен, елде жел энергетикасын дамытуға мүмкіндік мол. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Жел мен күннің әлеуеті зор
Министр Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, желден көптеп энергия өндіруге мүмкіндік бар. Алынған энергияны елдің кез келген аймағына қиындықсыз жеткізуге болады.
Мәселен, жел электр станцияларын батыста – Каспий маңында, ал оңтүстік пен шығыста Шелек дәлізі мен Жоңғар қақпасында тұрғызуға болады.
Жел турбиналарының жұмыс істеуі үшін желдің жылдамдығы секундына 5 метрден асуы қажет. Жоғарыда аталған жерлерде тұрақты түрде жел соғып тұрады. Министрліктің сараптамасы көрсеткендей, Қазақстанда жылына кемінде 920 млрд кВт/сағат қуатты желден алуға болады.
Әлемде тоғызыншы орын алатын алаңы бар Қазақстан жаңартылатын энергия көздері секторын дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Ел аумағында жел, күн және гидроэнергетиканы дамытудың, заманауи технологияларды енгізудің және орнықты дамытудың мүмкіндігі жоғары. Таяу уақытта республикада жел генерациясын дамыту бойынша әлемде көшбасшы позицияға ие болудың барлық мүмкіндіктері бар – дейді ҚР энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Елде күннен энергия алуға да әлеует зор. Әсіресе, оңтүстік аймақтарда күн электр станцияларын көптеп салуға болады. Себебі, бұл жақта күндізгі уақытта көбіне аспан ашық. Яғни, жылына 3 мың сағатқа дейін күн сәулесін төгіп тұрады. Бұл көрсеткіш әлемдегі ең ыстық елдердің деңгейінде энергия өндіруге жол ашады. Мамандар күн станциялары үшін ең қолайлы аймақ ретінде Арал өңірін атап отыр.
Жаңартылатын энергия үлесі – 6%
Жалпы, қазір елде электр энергиясын 222 электр станциясы өндіреді. Былтыр қазақстандықтар 115 млрд кВт/сағат энергия тұтынды. Көрші елдерден 3,4 млрд кВт/сағатты импорттадық. Биыл өндіріс көлемін өсіріп, 115 млрд кВт/сағат электр шығару жоспарланып отыр.
Жаңартылатын энергия көлемі тұрақты өсіп келеді. 2014 жылдан бері 16 есеге артты. 146 жаңартылатын энергия көзі бар. Олар жылына 2,8 ГВт энергия береді. Мұнда жел станцияларының үлесі жоғары. Былтыр желден 4 млрд кВт/сағатқа жуық энергия өндірілді. Бұл елдегі электр энергетикасы қуатының 6 пайызына жуықтайды.
2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін – 15, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу міндеті тұр. Осы мақсатта министрлік жыл сайынғы аукциондық сауда-саттық өткізуді, стратегиялық инвесторлармен ауқымды жобаларды іске асыруды қамтамасыз ететін болады. Қазіргі уақытта пысықтаудың түрлі сатысында ауқымды жаңартылатын энергия көздерін іске қосу бойынша жобалар бар. 2029-2030 жылдары жалпы қуаты 5 ГВт болатын 5 ірі жаңартылатын энергия нысанын пайдалануға беру жоспарланған – дейді ҚР энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Жаңартылатын энергия көздерінің қуаты бойынша Жамбыл облысы көш бастап тұр. Өңірде жалпы қуаты 441 мегават болатын 19 кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылға дейін тағы 2 нысанды іске қосу жопары бар. Яғни, өңір әлеуеті 120 мегаватқа ұлғаяды.
Энергия көлемі ұлғаяды
Елдегі электр станцияларындағы жабдықтар орта есеппен 56 пайызға тозған. Қазір олардың жағдайын жақсарту бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Былтыр 9 энергоблок, 46 қазандық пен 46 турбина күрделі жөндеуден өтті. 2030 жылға қарай электр энергиясының қажеттілігі 28 гигаваттан асатынын ескерсек, әлі де станцияларды технологиялық жаңғырту мәселесі күн тәртібінен түспейтіні анық.
2030 жылға дейін 4 гигаватт энергия беретін нысан да жұмысын бастайды. Алайда, Энергетика министрлігі жаңа нысандарды қоса алғанда тапшылық 6 гигаваттан асатынын болжайды. Оны жою үшін министрлік электр энергетикасын дамыту бойынша 2035 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Бұл жоспар аясында энергия көлемі 26 гигаватқа дейін жетуге тиіс.
Биыл Батыс Қазақстанның электр желілерін бірыңғай энергия жүйесіне қосу жұмыстары жалғасады. Екібастұз ГРЭС-нің бірінші энергия блогын қалпына келтіру аяқталады. Топар ГРЭС-і мен Атыраудағы жылу электр орталығының қуаты артады.
Жаңартылатын энергия көздеріне келсек, жалпы қуаты 259 МВт болатын 11 нысан жұмысын бастайды. Бұдан бөлек, биыл 10 энергоблокты, 55 қазандық пен 45 турбинаны жөндеу көзделіп отыр.
Нұрқанат Қанапия, 24.KZ