Өскеменде былтыр төселген жол биыл жарамсыз болып қалған
Өскемен, Риддер және Шемонаихада былтыр төселген асфальт бүлініп жатыр. Қоғам белсенділері, құқық қорғаушылар қомақты қаражат жұмсалған жұмыстың сапасын тексере бастады.
Бұл іске прокурорлар да қосылып, жасалған келісімді зерттеп, сан мен сапанының сәйкестігін анықтауға кірісті.
Шығыс Қазақстан облысында биыл 28 млрд теңгеге 600 шақырымнан аса жол жасау жоспарланған. Қомақты қаражаттың бір млрд теңгесі Өскеменге бағытталып отыр. Қаладағы жолдарды орташа жөндеуден өткізуге өткен жылы да осынша көлемдегі қаржы бөлінген. Бірақ салынған асфальт бір жыл өтпей-ақ ойылып жатыр.
Құқық қорғаушы Әділ Пшенов шұрық-тесіктерді санап, жол сапасына қатысты әкімдік пен прокуротураға шағым түсірген.
Әділ Пшенов, құқық қорғаушы:
- Біз прокуратураға жүгініп, жол жөндеуге арналған лотты алғызып, дұрыстаған соң қайта жариялаттық. Себебі бірнеше көше назардан тыс қалған. Сонымен бірге атқарылған жұмыстың сапасы күдік тудырады. Өйткені жасалған жолда қайта шұңқырлар пайда болғанын көрдік.
Мәселені қалалық әкімдіктегілер де зерделей бастады. Олар жоспарланған жөндеу жұмыстарына енді техникалық бақылау және жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандарын тартпақ. «Мердігер мекеме техникалық талапты сақтамаса, жолды қайта жасауға міндеттеледі»,- дейді жауаптылар.
Абзал Мәулетханов, қалалық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және ТҮКШ бөлімі басшысының м.а.:
- Бізде мердігер мекеменің кепілдемесі бар. Келісім шартта бәрі жазылған. Жол жөндеу жұмыстарына арналған зертхана арқылы енді тиісті талаптардың сақталуын қадағалаймыз.
Жол сапасына «Халықтық бақылау» орнату үшін мобильді қосымша әзірленді. Қалалықтар шұңқырларды суретке түсіріп, орналасқан жерін белгілейді. Соған сәйкес коммуналдық мекемелер әрекет ететін болады. Былтыр алғаш рет іске қосылған жоба биыл да жалғастырылады.
Денис Соколов, жоба авторы:
- Бағдарлама көмегімен шамамен 7 мыңға жуық шұңқыр асфальтталды. Биыл жобаның ауқымын кеңейту туралы ұсыныс түсті. Оны мобильді қосымша немесе телеграм бот арқылы жүзеге асырамыз.
Жолдағы шұңқырларды анықтап, оларды тез арада асфальттау үшін компьютерлік бағдарлама да әзірленіп жатыр. Оған жасанды интелектіні қосу көзделіп отыр. Жалпы 2025 жылға дейін еліміздегі аудандық, қалалық маңыздағы жолдарды орташа жөндеуден өткізу үшін 400 млрд теңге қарастырылған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Қаражатпен қатар жауапкершілік жүгі де артып келеді. Сол себепті Өскеменде коммуналдық қызмет мамандарын оқытып, біліктілігін арттыру жұмыстары қолға алынды.
Шыңғыс Қалиден, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, «24.KZ», ШҚО