Шымкентте құс фабрикасы ашылды
Шымкентте жұмыртқа шығаратын тағы бір фабрика ашылды.
Кәсіпорын әлеуметтік маңызы бар тауар айналымын толықтырып, халықты арзан жұмыртқамен қамтиды. Құс фабрикасы еуропалық стандарттарға сай салынған. Жылына 72 миллион жұмыртқа шығарады.
5 гектар аумақты алып жатқан құс фабрикасына 75 адам жұмысқа тартылған. Басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Кешен толық автоматтандырылған. Жұмысшылар жұмыртқа жинап, санатына қарай іріктеуге жауап береді.
Шарбан Есенбекова, жұмысшы:
- Жұмыс жеңіл. Бәрі автоматты түрде істелгеннен кейін қиналатындай жұмыс жоқ. Оның үстіне ауылда ашылғаннан кейін барып-келіп істей береміз жақын жерде. Осы жерде ветврачтың өзі айтып үйретті. Бәрін жәймен үйрендік осы жерде жүріп. Птица фабрика ашылған күннен бастап осы жерде жүрміз.
Фабрикаға Ресейден 220 мың бас тауық балапаны әкелінген. Қазір құс тұқымы жетіліп, тәулігіне 110 мыңнан аса жұмыртқа бере бастады. Ел аумағынан қажетті жемі мен құнарлы азығын уақытылы жеткізу жағы пысықталды.
Жандос Сәбиұлы, құс фабрикасының қаржы директоры:
- Климат-контроль 3 бағытта жұмыс істейді. Қыстық және жаздық уақытқа бейімделген. Ішінде жемді өзі таратады. Қазақстан төңірегінен сатып алып жатырмыз. Компаненттердің бәрін, комидронның бәрін. Күнделікті өнімді кормовоз арқылы жеткізіп отырамыз.
Шымкент тұрғындарының жұмыртқаға деген жылдық қажеттілігі 170 миллион дана шамасында. Сол себепті аймақтағы төрт бірдей құс фабрикасы да тұрақтандыру қорының айналымын реттеуге тартылады, дейді ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.
Қайрат Базарбеков, қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Кәсіпорын біздің бірінші қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын тұрақтандыру шаралары аясындағы бағдарламаның қатысушысы болып табылады. Ішкі нарықтың қамту үлесін кәсіпорынның қуатымен 70% үстіне шығаруды жоспарлап отырмыз. Субсидияға біз дайынбыз төлеуге. Біздің өз тәртіп, ережеміз бар. Ереже, талаптарына сәйкес келген жағдайда барлық қолдаулар көрсетілетін болады.
Құс фабрикалары жұмыртқа өндірумен шектелмей, тауық етін өңдеуге де басымдық беріп ішкі нарықтағы бәсекелестікті арттыруы маңызды, дейді мамандар. Ал жаңа фабрика 2026 жылға қарай толық циклды өндіріске ауысады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов