Шаруалар Қапшағай жағасындағы сорғы станцияларын қайтаруды сұрап отыр

Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінің шаруалары Қапшағай су қоймасының жағасында орналасқан сорғы станцияларын мемлекетке қайтаруды сұрап отыр.

Өйткені олардың барлығы кезінде жекеменшікке өтіп кеткен. «Монополистер электр энергиясының бағасы өскенін алға тартып, жылда судың тарифін қымбаттатады. Қазір жергілікті әкімдік пен сорғы станциясы қожайындарының арасында осы мәселеге орай келіссөз жүріп жатыр. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ», - деді фермерлер.

Қапшағай су қоймасының Шеңгелді ауылдық округіне тиесілі бөлігінде 9 сорғы станциясы бар. Қазір соның бесеуі жұмыс істеп тұр. Қалғаны істен шығып қалған. Әр сорғы станциясы 3 мың гектардай егіс алқабына су жеткізуге арналған. «Оның барлығы жекеменшікте. Сондықтан олар судың тарифін жылда қымбаттатады. Өткен жылы әр текше метріне 12 теңгеден төледік. Биыл 16 теңгеге көтереміз деп отыр. Сол себепті көл жағалауындағы сорғы станциялары мемлекетке қайтарылуы тиіс», - дейді жергілікті шаруалар. 

Марат Шымбаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Ол үшін ең бірінші монополияның несінен арашалап алу керек. Мемлекетке алу керек, полный реконструкцияны жүргізу керек. Содан кейін осы шаруа қожалықтардың несінен бір өкілетті орган құру керек насосная станцияны білетін, жұмыс істей алатын, жергілікті и әрқайсысына жауап бере алатын. 

Жергілікті атқарушы билік өкілдері қазір осы мәселе бойынша сорғы станцияларының қожайындарымен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты. «Бірақ олар бағаны әдейі аспандатып, егіс алқаптарын суландыруға арналған әр нысан үшін 2 млрд теңге сұрап отыр. Сол себепті бұл іске тәуелсіз бағалаушыларды тартамыз. Оған көнбесе басқа жолын қарастырамыз», - деді Қонаев қалалық әкімдігіндегілер.

Марлан Жолдахмет, Қонаев қаласы әкімінің орынбасары:

- Енді осы жүйелердің бәрін қалпына келтірсек, жекеменшік иелері өздерінің жаңағы ойларын өзгертіп, мемлекет теңгеріміне қайтаратын болса, жақсы болады. Қайтармайтын болса, онда біз басқа да жолдарын қарастырамыз. Енді бүгінде ойластырып отырмыз сол жерде насостная станцияның түбінде скважина тесіп, сол жүйелерге жалғап, сол бағытта жұмыс жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. 

Шеңгелді ауылдық округіндегі №2 сорғы станциясына 4 жыл бұрын Алманияда өндірілген 6 су сору қондырғысы орнатылған. Мұндағы ирригациялық жүйенің ұзындығы 22 шақырым. Бұл нысан бүгінде 2,5 мың гектардай егіс алқабына су жеткізе алады. Шаруалардың аталған кәсіпорынның алдындағы берешегі 43 млн теңгеге жеткен. Ал монополистің электр энергиясы үшін 45 млн теңге қарызы бар.

Нұрбол Күздікбаев, №2 сорғы станциясының директоры:

- Тағы бір қосып айтып кететін нәрсе биылғы жылға тағы электр энергиясы қымбаттап жатыр. Былтыр екі рет қымбаттады. Оның бәрі айналып келген кезде осы насосная станцияларға қатты соққы болып тиіп жатыр. Өйткені біз қазір тарифті көтере алмай жатырмыз. Ол тарифті көтерсек, шаруалардың қалтасына тиеді ол да. Сол себепті электр энергиясына мына насосная станцияларға бөлек бір тариф шығарып берсе. Өйткені бұлардың бәрі социальный объектілер.

Ал №5 сорғы станциясы жекенің қолында болғанымен, ирригациялық жүйесі толығымен жергілікті әкімдіктің теңгеріміне өтті. Оның жалпы ұзындығы 48 шақырым. Президенттің суармалы алқаптарды ұлғайту туралы тапсырмасына сәйкес, мұндағы ескірген құбырлар мен арықтарды ауыстыруға бюджеттен 8 млрд теңге бөлінді. Жоба бойынша мердігер құрылыс жұмыстарын сәуір айында аяқтап, 5 мамырдан бастап егіс алқаптарына су жіберуге мүмкіндік туғызуы тиіс.

Ахметбай Құрманов, шаруа қожалығының басшысы:

- Айтуларына қарағанда енді соған ойлап отырмыз үлгеретін шығар деп. Енді қанша айтқанмен, осылардың жұмысының барлығы біздің шаруалардың жұмысына байланысты болады. Егер уақытында су берілмейтін болса, біздің істеген еңбектеріміз зая кетейін деп тұр. Біздер енді қандай дақыл ексек те, бәрі сол су арқылы өседі. Егер су болмайтын болса, не еккен егініміз шықпайды, не алған өніміміз болмайды.

Шеңгелді ауылының тұрғындары жергілікті атқарушы билік өкілдерінің ұңғыма бұрғылау туралы ұсынысы арқылы мәселе түбегейлі шешілмейтінін айтты. Кеңес үкіметі кезінде электр энергиясын үнемді пайдалану туралы талап қойылған жоқ. Сол себепті мұнда сорғы станциялары салынды. «Заманында Дінмұхамед Қонаевқа Іле өзенінің Айғайқұм /Поющие пески/ тұсындағы бұрылысынан құбыр тарту туралы ұсыныс жасалған. Ол электр энергиясын қажет етпейді. Су егіс алқаптарына өз қысымымен ағып келеді. Шеңгелдіге осы күні сондай жоба қажет. Үкіметтегілердің құлағына алтын сырға. Мен оның жобалық-сметалық құжаттамасын да тауып бере аламын», - деді 40 жыл бойы егіс алқаптарын суландыру саласында қызмет атқарып, құрметті демалысқа шыққан жергілікті шаруа Марат Шымбаев ақсақал.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов