Туризмнен қанша табыс табамыз?
Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілгенде көрші елден келетіндер саны көбейеді деп күткен едік.
Бұл, бір есептен, дұрыс болжам болды. Иә, былтыр Қытайдан келген қонақтар саны екі есе өсті. Ал елімізден ол жаққа қыдырғандар саны одан да көп. Мәселен, былтыр қараша айынан бері біздің елге 126 мың қытай азаматы келсе, 173 мың қазақстандық Қытайға барған.+
Қонақтар арасында қазақ жерінің әсем табиғатын көруге келетіндер көп. Сонымен қатар, іскерлік байланыс орнатып, жұмыс бабымен жүретіндер қатары артып келеді.
Былтыр елге 9 млн-нан астам турист келді. Ал 8 млн-нан астам адам қонақ үйлердің қызметін пайдаланды. Олардың қатарында 1 млн-нан астам шетел азаматы бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық.
Қонақ үйлерге 1,1 миллион шетелдік тоқтады
Қонақ үйлерге тоқтаған 1 млн-нан астам қонақтың арасында 523 мың адам жеке шаруасымен немесе саяхаттап келсе, 560 мыңнан астам адам жұмыс бабымен ат басын тіреген.
Меймандардың басым бөлігі – ресейліктер. Көрші елдің 445 мың азаматы қонаққа келді. Оңтүстіккореялықтардың үлесі шамамен екі жарым есе артты. Корей түбегінен 24 мың адам келді. Сонымен қатар, саяхатшылар саны көбейген елдер қатарында Үндістан, АҚШ, Германия, Ұлыбритания мен Қырғызстан бар. Бұдан бөлек, 16 мыңнан астам Біріккен Араб Әмірліктері мен 15 мың Италия азаматы Қазақстанға былтыр саяхаттап келді.
Ал Қытайдан түрлі мақсатта келгендер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есе өсті. 105 мың Қытай азаматы қонақ болды. Бұған, әрине визасыз режимнің енгізілуі әсер еткені сөзсіз. Жалпы, кейінгі уақытта ТМД елдері арасында Қазақстанды таңдайтындар қатары көбейген.
Қонақүйлерге тоқтаған шетелдік туристер саны:
/2023 жыл/
Барлығы – 1,1 млн
Ресей – 444,9 мың
Қытай – 104,6 мың
Үндістан – 54,1 мың
БАӘ – 16,2 мың
Италия – 14,9 мың.
Татьяна Верницкая, «Қалалық туризмді дамыту орталығы» қауымдастығының атқарушы директоры:
- Қазақстанның төңірегінде қалыптасқан геосаяси жағдай біздегі туризмнің дамуына оң әсер етіп отыр. Қазір елге көптеп бизнес ұйымдары, мамандық иелері көшіп келіп жатыр. Олар өздерімен бірге туристерді де тартатыны анық. Еуропалық туристер жиі баратын бағыттарын өзгертіп, бізге келетін болды. Арабтар мен қытайлар да жұмыс бабымен де, қыдырып та жиі келетінін көріп жүрміз. Бізге осы мүмкіндікті жібермей, туристік инфрақұрылымды дамыту қажет. Ол әрине, жол, қонақ үй, басқа да тұрмыстық қажеттіліктерді реттеуіміз керек.
Туристерді тұмса табиғатымыз тартады
Туристердің арқасында қонақ үй бизнесі 230 млрд теңге табыс тапты. Сөйтіп, кәсіпкерлер кірісі 12 пайызға өсті.
Қонақтарды қабылдау жағынан Алматы көш бастап тұр. Мәдени астанамызға 2 млн адам барыпты. Бұдан кейінгі орындар Астана қаласы мен Ақмола облысына тиесілі.
4 млн-ға жуық саяхатшы курорттық аймақтарды жөн көрді. 2 млн-нан астам адам демалысын Алатау бөктерінде өткізсе, Маңғыстаудағы керемет жерлерді көруге 356 мың адам барды. Ал 305 мың адам Бурабайдың тұмса табиғатын тамашалаған.
Туристер жиі барған өңірлер:
Алматы қаласы – 2 млн адам
Астана қаласы – 1,3 млн адам
Ақмола облысы – 504,5 мың адам
Шетелдіктер ауылдағы боямасыз тірлікті көруге құмар. Қазіргі уақытта Маңғыстау мен оңтүстік аймақтағы қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдарға саяхатшылар жиі барады. Биыл қыркүйек айында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына да шетелдіктер тарапынан қызығушылық зор болатыны анық. Сонымен қатар, көрші Өзбекстанға келген қонақтарды өзімізге тарту бойынша жұмыс жүріп жатыр. Яғни, екі ел бұл бағытта біріккен іс-шараларды қолға алды.
Әлішер Тұрсын, Қазақ туризм ҰК ресми өкілі:
- Дәл қазіргі уақытта көшпенділер ойыны сол арқылы елге туристтердің келуі артады деп болжап отырмыз. Одан кейін осы айдың соңына дейін Түркістан мен Самарқандтың арасында тікелей әуре рейсін ашып, әсіресе Самарқандқа баратын шетелдік туристерді Түркістанға бағыттау бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Былтыр Қазақстанның көрікті жерлерін көруге келген туристер саны екі есе өсті. Бұл – кейінгі 11 жылда болмаған көрсеткіш. Туристер санының көбеюіне пандемияның алынуы да қолайлы әсер етті.
Шетелге шығатындар саны өсті
Сондай-ақ, қазақстандықтар былтыр шетелге жиі шықты. 10 млн-нан астам отандасымыз шекара асып, жер көрді.
Ел азаматтары Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Мысыр мен Грузияға көп барды. Туризм саласындағы мамандардың айтуынша, қазір шетелге саяхаттап шығуға түрлі жағдайлар жасалып жатыр.
Айжан Кәрімова, туристік агенттік директоры:
- Қазір біздегі екінші деңгейлі банктер туристік сапарларды несиелендіреді. Яғни, шетелге шыққысы келетін адамдар телефонды несиеге алған сияқты туристік жолдаманы да қарызға алатын болды. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың басқа мемлекеттерге жиі саяхаттауына елеулі ықпал етіп отыр. Сұраныс болған соң туристік компаниялар тарапынан да жаңа қызмет түрлері ұсынылып жатыр. Жаңа елдерге әуе рейстері ашылып, қазақстандықтар бұрын бармаған жерлерді таңдауға көшті. Сонымен қатар, барған жерінде тек жағажайда күнге қыздырынып жатумен шектелмей, жергілікті тарихи орындарға қызығушылық таныта бастады. Яғни, экскурсиялық қызметтерге сұраныс артып келеді.
Қазір мемлекет тарапынан туризмді дамытуға қатысты нақты іс-шаралар жолға қойылды. Мәселен, кемпингтер мен қонақ үйлер ғимараттарының құрылысы субсидияланады. Сонымен қатар, саяхатшылар мінетін автобус алуға, жол бойындағы дәретханаларды күтіп ұстауға кететін шығынның бір бөлігі өтеледі. Осылайша, қолдағы барды баршаға әлемге көрсетуді мақсат етіп отыр.
Нұрқанат Қанапия, 24.KZ