Су аз кетеді. Диқандар мал азығын егуге мәжбүр
Биыл Жамбыл облысында егістік алқаптарының жалпы көлемі 644 мың гектар.
Бұл былтырғыдан 100 мың гектарға кем. Жергілікті билік өткен жылы болған қуаңшылыққа байланысты осындай шешім қабылдап отыр.
Жауапты басқарма шаруаларға суды аз тұтынатын тұқым түрін егуді ескерткен. Ал шығынға батқан диқандар жеңілдетілген дизель бағасын төмендетуді сұрайды.
Байзақтық Нұрхан Дәрібаевтың отбасы 30 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Ерте көктемде 60 гектар жерін жыртып, тұқым себуге дайындап жатыр. Биыл ол басымдықты мал азығы мен қызылшаға берген. Себебі көкөніс пен бақша өнімін өткізу қиын, - дейді. Оған қоса су тапшылығы тағы бар.
Нұрхан Дәрібаев, шаруа:
- Шаруаларға қылша еккен тиімді болып тұр. Біріншіден – су жағынан қиын болғанымен, оны өткізу мәселесі жеңіл. Оны аласың да үкіметке өткізесің. Оның ұрығына, дәрі-дәрмегіне жеңілдік көп. Егін еккеннен кейін су болу керек. Сол судың болатынына үміттенеміз.
Биыл жеңілдетілген дизель отыны 45 теңгеге қымбаттады. Оның өзін алу үшін жаңадан қосылған порталға өтінім беру керек. Дегенмен шаруалар жүйенің ыңғайсыз әрі өтініштерді қабылдау уақытының шектеулі екенін айтып отыр. Сондықтан биыл Байзақ ауданындағы 80 ірі қожалықтың тек 41-і тіркеліп үлгерген.
Нұриддин Бегманов, шаруа:
- 250 теңге де қазір қымбаттау болады. Бізге 200 теңгеден болса өте қолайлы болар еді. Бәрі дала жұмыстары үшін. Қазір оны айдайсың, оны тырмалайсың, оны малалайсың. Көп шаруа жеткіліктсіз болғаннан кейін агротехниканы толық пайдалана алмайды. Ал жанар-жағар май кішкене арзан болса, оны түгел пайдаланса, өнімді де көтеріп алар еді.
Жанар-жағар майдың тарифін энергетика министрлігі бекітеді дейді басқарма мамандары. Деседе дизельдің құнын 50 теңгеге дейін түсіру үшін хат жолдаған. Бірақ жауапты ведомстводан қолдау болмапты.
Шәкір Момынқұлов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Біздің ұсыныстарымыз, біз алдында көктемгі дала жұмыстарына 203-210 теңгенің төңірегіне берілген болатын. Сол бағада. Олардың бізге берген аргументі мынау темір жол тасымалдау шығыны. Ол жердегі мұнай өңдейтін зауыттардың шығыны, мұнайды жеткізу шығынын қосқан кезде көпке шығып отыр. Өздернің колькуляциясы арқылы осы бағаны ұсынып отыр.
Жауапты басқарма мамандары биыл да суармалы судың аз болатынын мәлімдеді. Сондықтан шаруаларды шығынға батырмау үшін тіршілік нәрін көп қажет етпейтін мал азығы дақылдарын егуді ұсынып отыр. Қазірдің өзінде аймақтағы көкөніс алаңы 40 процентке кеміп, егілетін пияз көлемі 10 мың гектарға азайды.
Мерей Бает, Елдар Байділдә, «24.KZ», Жамбыл облысы