Қытай экспортының 80%-і Қазақстан арқылы өтеді
Қытайдан Еуропаға Қорғас арқылы жөнелтілетін жүк пойыздарының саны артты, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл жыл басынан бері 2 мыңға жуық пойызға қызмет көрсетілген. Бүгінде порттан шығатын 80 тармақты теміржол 18 мемлекетті байланыстырып тұр. Қазір көрші ел осы бағытта қарым-қатынасты нығайтып, дамыта түсуге ниетті. Оған әлемдегі геосаяси жағдай түрткі болып отыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайдан Қазақстан арқылы жөнелтілетін экспорттық тауар көлемі жыл емес, ай сайын ұлғайып келеді. Бұған Орталық Азия мен Еуропа елдерінен сұраныстың артуы себеп. Оған әлемдегі геосаяси жағдайды қосыңыз. Оның үстіне қытай қазақ елін сенімді серіктес, тұрақты әріптес санайды. Қазақстан арқылы экспорт жөнелту қауіпсіз, тиімді әрі жылдам.
Бүгінде Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы экспортталатын тауардың 80%-і Қазақстан арқылы өтеді. Логистикалық тізбектің негізгі көзі – Қорғас порты. Бұл шекаралық өткелдің тарихы Ұлы Жібек жолынан басталады. Қорғас сөзі моңғол тілінен аударғанда «Түйелер өтетін жер» деген мағынаны білдіреді. Бүгінде түйелердің орнын пойыздар басып, халықаралық көлік құралына айналған. Көне сауда-экономикалық байланысты қытай елі одан әрі дамыта түсуге мүдделі. Елімізге де керегі – осы. Биыл Қорғастан жөнелтілген жүк пойыздарының саны артты. Жыл басынан бері 2 мыңға жуық пойыз Еуропаға аттанды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда көп. 20-ға жуық мемлекетті байланыстырып тұрған теміржол жол-жөнекей 45 облыс пен қаланы басып өтеді.
Ели Мэнтин, халықаралық көлік-экспедиторлық компаниясының менеджері:
- Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында біздің компания 100 пойыз жөнелтті. Оның басым бөлігі Қытай-Еуропа бағытында. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25%-ке артық.
Шыңжаң ұйғыр автономды ауданы Кеден қызметінің мәліметі бойынша 2016 жылы теміржол экспресі іске қосылғалы бері Қорғас портында 35 мыңнан астам пойызға қызмет көрсетілген. Қазір тәулігіне 20 пойыз жөнелтіледі.
Ма Сяоган, Қорғас басқару орталығының операторы:
- Қазақ-қытай ведомствоаралық кездесулер мен келісімдердің арқасында іс-әрекеттерді өзара үйлестіріп отырмыз. Қазақстандық теміржол компанияларымен байланыс орнатылып, бірқатар кедергілер жойылды. Бұл кедендік рәсімдеу жұмыстарын жеңілдетті. Сонымен қатар жүк тасымалын үздіксіз әрі тұрақты ұйымдастыруға және көлемін арттыруға мүмкіндік туып отыр.
Импорт пен экспорттық сауда көлемі ұлғайған сайын Кеден қызметі өткізу қуатын арттырып, рәсімдеу шараларын жеңілдетуге күш салып жатыр. Жұмыс уақытын тәуліктік режимге ауыстырды. Тиімді логистикалық жағдай жасау мақсатында интеллектуалды бақылау енгізіп, инновациялық тәсілдерді қолдануға көшті.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазір Қорғас кеденінің қызметкерлері тексеру жұмыстарын пойызды қою, жүк тиеу кезеңдерімен қатар жүргізетін болған. Бұл әр жүк пойызын рәсімдеу уақытын 30 минутқа қысқартып отыр. Тасымалдау кезінде тексеру жұмыстарын интеграциялаудың арқасында тәулік бойы қызмет көрсетіле бастады. Осының арқасында өткен жылмен салыстырғанда пойыздардың өту уақыты 60%-ке қысқарыпты.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы.