Лудоман банктен қарыз аларда әйелінің жазбаша рұқсаты талап етіледі
Қазір салық органдарының серверін букмекерлік кеңселер мен басқа да құмар ойын мекемелерінің жүйесіне қосу жұмыстары жүріп жатыр.
Осы арқылы салықшылар бәске тігілген ақшаның сомасын, мерзімін және қанша ұтыс шыққанын біліп отырмақ. Сол бойынша салық мөлшері де белгілі болады.
Барлық құмар ойын ұйымдары салық органдарының ақпараттық жүйесіне қосылуға міндеттеледі. Бас тартқан, интеграциядан жалтарған кеңселер жауапкершілікке тартылады.
Сондай-ақ заң жобасында құмар ойынға қатысушылар жасын 21-ден 25 жасқа көтеру көзделген. Ал букмекерлер ойыншының жасын ұсынған жеке сәйкестендіру номері арқылы анықтайды.
Әділет Тұрғынбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:
- Букмекерлердің өздерінің санайтын, ставка қабылдайтын бағдарламалары бар. Программа дейміз ғой. Соған интеграцияланады, солардың серверлеріне және мәліметтерді алып отырады, тікелей выгрузка жасап отырады да инспекторлар тексереді. Яғни әрбір азамат қанша ставка қойғанын көреді, қай күні қойғанын, ұтқанын, ұтылғанын көреді. Бұл тек қана букмекерлерге қатысты ғана емес, букмекерлер өз басына, өздерінің табыстарының салықтарын төлейді ғой. Ұтыс көрген азаматтардың да табыстарын тексеріп, бізде қазір декларация, декларирование деген мәселе бар ғой. Соның аясында, яғни мына ұтқан азаматтар өз ұтысының бір пайызын бюджетке салық ретінде төлейді. Енді, ол да не ғой, кірістің көзі сияқты саналады.
Борышкерлер бәс тіге алмайды
Сонымен қатар ойыншылар өздерін құмар ойындардан шектей алады. Ол үшін казиноға, автомат залына барып, өзінен жарты жылдан 1 жылға дейін бәс қабылдамау туралы өтініш жазуы керек.
Дегенмен қазір ол ұйымдарға барып та қажеті жоқ. Себебі өтінішті электронды форматта да жіберуге болады. Бұл қызмет наурыз айының соңында іске қосылды. Министрлік өкілінің айтуынша, екі апта ішінде 13 мың азамат өзін-өзі шектеу туралы өтініш берген.
Ал өзін өзі шектегендер мен 21-ге толмағандардан бәс қабылдаған мекемелер жауапқа тартылады. Оларға 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ірі бизнестің айыппұлы 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болады. Онлайн казино ұйымдастырғандарға кем дегенде 2000 айлық есептік көрсеткіш сомасында айыппұл қарастырылған. Ал казиноның көптеген азаматтарды ойынға тартқаны дәлелденсе, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Әділет Тұрғынбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:
- Бізде қазір заңға енгізілген бір жаңалық – мына қарыздары бар азаматтар реестрі бар Әділет министрлігі жүргізетін, қарыздар азаматтардың, борышкерлердің бірыңғай реестрі дейді. Единый реестр должников. Осы реестрге енген азаматтарды шектеу, біз қазір осындай норма енгізіп отырмыз. Яғни сізде бір қарыздарыңыз, алименттер бойынша немесе кредит бойынша қарыздарыңыз болса, бұл реестрге сіз енгізілген болсаңыз, сізді букмекерлер, казинолар бәс тігуге, құмар ойындарға қатыстырмайды.
Сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие беру талаптарына өзгеріс енгізбек. Себебі құмар ойыншылардың көбі банктен қарыз алып, бәс тігетіні белгілі. Агенттік банктерге несие бергенде жұбайының жазбаша рұқсатын сұратуды міндеттемек.
Құмар ойын орталықтарына қойылатын тағы бір талап – ойын залында құмар ойынның зияны, салдары туралы көрнекі жерде жазылып тұруы керек. Яғни залға кірген адам алдымен осы ескертуді көруге тиіс. Егер мұндай жазу болмаса, 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл өндіріп, лицензиясынан айыру көзделген.
Әділет Тұрғынбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазір бізде жарнамаға тыйым салынбаған. Букмекерлер кез келген кәсіпкерлер сияқты өзінің бизнесін жарнамалай алады. Қазір мына біздің ең басты нормалардың бірі жарнаманы шектеу, шектеу қоямыз. Яғни мына көшелердегі, билбордтарды, лэд-экрандардағы роликтарды, бәрін алып тастаймыз, телеарналардан алып тастаймыз. Тек қана бізде бір ерекше жағдай мынау спорт саласына ғана жасалады. Себебі букмекерлер спорт саласының демеушілері де. Спорт командаларымызға, спорттық телеарналарға енді кішкене жеңілдік беру үшін осындай біз бұлардың ұсыныстарына сәйкес осындай жеңілдік беріп отырмыз.
Былтыр Қазақстандағы құмар ойын бизнесінің айналымы 500 млрд теңгеден асты. Бизнес өкілдері 90 млрд теңге сомасында салық төледі. Қазір елде 26 құмар ойын мекемесі бар. Соңғы үш жылда бұлардың саны үш есеге қысқарып отыр.