Мақтааралда көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр
Қазір әр алқаптың басында дән егу жұмыстары қарқын алған.
Жер емген диқандар суды үнемдеу үшін егістікті әртараптандыруға басымдық беріп, мақта дақылын азайтты. Шаруалар енді бақша, мал азығы дақылдарын көптеп егуге кіріскен.
Аязхан Қалыбеков ауылының тұрғыны Атабек Қожабеков өзінің 15 гектар жеріне бірнеше жылдан бері мақта егеді. Алайда шаруа биыл ақ алтын тұқымын 10 гектарға ғана сеуіп, қалғанына бақша, көкөніс дақылдарын екпек. Себебі мақтаның шығыны көбейіп, бағасы түсіп кеткенін айтады. Былтыр ауыл шаруалары бірігіп кооператив құрған. Соның нәтижесінде диқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында 27 млн теңге жеңілдетілген несие алып, оған екі трактор, дән себетін техника сатып алыпты. Қазір мақта тұқымын сеуіп жатыр.
Атабек Қожабеков, шаруа:
- Бір зауытпен келісім-шартқа отырғанбыз. Сол зауыттың өзі тұқымдарын, қаражатын береді. Соны егіп, жиып-теріп, өткізіп береміз. Мақтаның бағасы сәл төмен болып жатыр. Бұл ауданда бұрын техникада бәрі мақтаға ыңғайластырылған ғой. Басқа нәрсеге бірден көшіп кету деген де ауыр нәрсе де, солай тіршілік істеп жатырмыз.
Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Мұңболсын Сексенбаев мақтаның орнына бақша және мал азығы дақылдарын егіп жатыр. Себебі өткен жылғы еккен мақтасы шығынын әрең жапқан. Сондықтан мемлекеттің диқандарға көрсетіп жатқан қолдауын егістікті әртараптандыруға бағыттамақ. Оның үстіне су тапшылығы тағы бар,-дейді.
Мұңболсын Сексенбаев, шаруа:
- Мақта бұрынғыдай болмай қалды. Бағасы төмен. Шығыны көп болып жатыр. Пайдасы шамалы болып жатыр. Басқа дақылдарға өтіп жатырмыз ақырындап. Жоңышқа, мал азығы, қауын-қарбыз соны егіп жатырмыз. Су тапшылығы болып жатыр.
Мақтаарал ауданында 60 мың гектар суармалы алқап бар. Диқандар биыл оның 33 мың гектарына мақта, 17 мыңына бақша, 5 мыңына мал азығы және 2 мың гектарға көкөніс дақылын егуде. Жауапты мамандар әртараптандыру мен су үнемдеу технологиясын ендіру бойынша шаруаларға егжей-тегжейлі түсіндіріліп жатқанын айтады.
Баязит Әлімқұл, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Мақта дақылы былтырғы жылмен салыстырғанда 4 мың гектарға азайып отыр. Оның орнына бақша және мал азығы дақылдарын көбейтіп отырмыз. Жүгері дақылына басымдық беру, мемлекет оның тоннасына 10 мың теңгеден субсидия беріп жатыр. Осыған орай біз биыл ауданда 3 мың гектардан астам жерге дәнді жүгері дақылын егуді жоспарлап отырмыз. Биыл қырыққабаттың 246 гектар жері темшылатып суару технологиясымен егілді. Қазіргі таңда диқандар сонымен жұмыс істеп жатыр.
Қазір ауданда көктемгі дала жұмыстарынан бөлек, 600 гектарға егілген ерте пісетін қырыққабат өнімін жинау науқаны да қарқын алған. Егістік алқаптарында ондаған бригада құрылып, онда 900-ден астам адам еңбек етуде. Дайын өнімнің 300 тоннасы Ресей мен Беларусь еліне жөнелтілген. Алғашында келісі 230 теңгеден саудаланса, қазір 70-80 теңге көлемінде сатылып жатыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов