Көрші елдер қазақстандық күнбағыс майына қызығушылық танытып отыр
Елімізде күнбағыс майын өндіру артып келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл бірінші тоқсанда тазартылмаған өнім өндірісі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 31,4% өсті. Ұлттық статистика бюросы осылай дейді.
Иә, отандық күнбағыс майына Қытай, Өзбекстан мен Тәжікстан сияқты елдер қызығушылық танытып отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, күнбағыс майын өндіретін қазақстандық кәсіпорындар биыл бірінші тоқсанда 136 мың тоннадан аса өнім шығарған. 2023 жылғы осы мерзімдегі көрсеткіш 104 мың тоннаға жетер-жетпес болған. Мұндай динамиканы жалпы өсімдік майы өндірісінде де байқауға болады. Былтырғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 13,4%-ке артық өнім шығарылып, өндіріс көлемі 200 мың тоннаға жуықтаған. Бұған қандай факторлар себеп болғанын сарапшыдан сұрадық.
Ядыкар Ибрагимов, ұлттық майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығының төрағасы:
- Күнбағыс майы өндірісінің ширауы – өңдеуші кәсіпорындардың белсенді жұмысының нәтижесі. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күнбағыс майы кіретін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша мемлекет саясаты маңызды рөл атқарды. Мемлекет басшысы 3 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы өңделген өнімдерінің үлесін 70%-ке жеткізуді міндеттеді. Бұл тапсырманы орындау үшін май зауыттары күнбағыс тұқымын белсенді түрде сатып алып, дайын өнімді ішкі және сыртқы нарыққа өңдеп, сатып жатыр.
Өсімдік майларын өндіруде де, оның ішінде тазартылмаған күнбағыс майын шығаруда да Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Одан кейін Абай мен Ақмола облыстары. Ал тазартылған күнбағыс майын Шығыс Қазақстан облысымен қатар Алматы мен Шымкент қалалары да молынан өндіреді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметіне сәйкес 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында күнбағыс майының экспорты 72 мың тоннадан асады. Былтырғы сол мерзіммен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 73%-ке артық.
Отандық өнімге қызығушылық танытқан елдердің арасында көршілес Қытайдың орны бөлек. Алғашқы тоқсанда шығыстағы көршіміз бізден 50 мың тонна өсімдік майын сатып алған. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 24%-ке артық.
Жалпы екі ел арасындағы тауар айналымы да айтарлықтай өсіп, осы жылдың қаңтар-наурыз айларында 6 млрд АҚШ долларынан асты. Осы мерзімде Қазақстаннан Қытайға 5 млн тонна тауар сатылған. Бұл былтырғы осы уақыттағы көрсеткішпен салыстырғанда 32%-ке артық.
Қандай тауарларға сұраныс артқанына тоқталсақ. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 2 млн тоннадан астам кен қоспалары, 1,5 млн тоннаға жуық мұнай және мұнай өнімдері, 300 мың тоннадан асатын бидай мен арпа, темір құймалары, мал азығы және мақта талшықтары сатылған. Барлығында өсу байқалады.
Ал біз Қытайдан 60 мың тоннадан астам жеміс-жидек, 20 мың тоннадан астам киім мен сөмке бұйымдарын, 26 мың тоннаға жуық аяқ киім бөлшектері, автокөліктер мен арнайы техникалар, миллионнан астам көлік дөңгелегі, ноутбуктар мен смартфондар импорттадық. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәліметіне сәйкес былтырғы жыл бойынша екіжақты тауар айналымы 41 млрд долларды құраған. «Бір белдеу, бір жол» секілді экономикалық және көлік-логистикалық жобаларды жүзеге асыру арқылы бұл көрсеткіш одан әрі еселенеді береді деген сенім бар.