Жетісайда мата өндірісі қолға алынды
Түркістан облысының Жетісай ауданында «Тоқыма емес мата өндірісі» цехы өз өнімін шығарды, деп хабарлайды 24KZ.
Мұнда күніне 5 мың метр мата шығарылады. Одан бөлек, айына 60 тонна мақта зауыттарына қажетті сымтемір өндіріледі.
Жаңаауыл ауылдық округінде орналасқан цехтың жалпы жоба құны – 350 млн теңге. Кәсіпкер оның 65 млн теңгесін жеңілдетілген несие ретінде алған. Қалғаны – өз қаржысы. Оған құрылыс жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Қазір мақтаның ең төменгі сортынан өндірісте қолданатын мата өндіріп жатыр. Кәсіпкер Әбдісаттар Қолдасовтың айтуынша, тәулігіне 60 орама тоқыма емес мата шығаратын 8 станокта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Дайын өнімге сұраныс жақсы», – дейді.
Әбдісаттар Қолдасов, кәсіпкер:
- Зауыттар да әрбір өңделген мақтаның сырты осымен қаптап шығарылады. Бұл әр зауытқа керек. Одан кейін үлкен өндіріс орындарында тазалыққа, «трәпкі» ретінде қолданылады көп жерлерде. Май сүртуге пайдаланады. Мектептерде еден жууға алады. Бір мектептің өзі бір маусымда 30-40 рулон алады екен. Бізге дейін бұнда болмаған. Осы шыққалы бері алып жатыр.
Бұдан бөлек, цехта айына 60 тонна мақта зауыттарына қажетті сымтемір шығарылады. Оны мақта өңдейтін кәсіпорындар дайын өнімнің белін бууға қолданады. Сапасы жағынан өзбекстандық сымтемірлерден кем түспейтін өнімнің бағасы да қолжетімді. Тоннасы қосымша құн салығын қоса есептегенде 720 мың теңгеге бағаланып отыр. Шикізат Қытай мен Ресейден жеткізіледі.
Данияр Толыбаев, аудандық кәісіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Мұнда қосымша тағы цехтарды ашу жоспарланып отыр. Биыл ауданда 12 жобаны іске асыру межеленіп отыр. Соның есебінен 20 млрд инвестиция тарту көзделіп отыр. Соны нәтижесінде 1700-ден астам жұмыс орнын ашып, жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз.
Мамандар биыл ауданда бақша және көкөніс дақылдарын қайта өңдеп, одан кептірілген жеміс шығаратын цех салуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Құны 750 млн теңгелік жобаға шетелдік инвестор қызығушылық танытып отыр, – дейді. Өндірілген дайын өнім болашақта экспортқа бағытталмақ.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.