Диқандардың жанайқайы. Картопта құн қалмады
Қостанай облысында біраз шаруашылық картоп алқабын қысқартуға мәжбүр.
Себебі, шығын өзін ақтамайды. Нарықтағы картоп бағасы өзіндік құнынан да төмендеп кеткен. Бау-бақша салатындар осылай деп дабыл қағып отыр.
Ал ауылшаруашылығы басқармасының мамандары, картопты шикізат түрінде сатпай, терең өңдеу керек дейді.
Қостанай облысында былтыр 160 мың тонна картоп жиналды. Ал өңірдің жылдық қажеттілігі шамамен 83 мың тонна. Ішкі сұраныс көлемінен екі есе көп картоп өндірілген. Оның үстіне Ресейдің арзан өнімі бәсекелестік тудырып, бағаны тым құлдыратып жіберді. Қостанайлық шаруалар картоптың келісін 55-70 тенге аралығында сатуға мәжбүр.
Владимир Семейкин, шаруа:
- Өзіндік құнынан тым төмен бағаға сатып жатырмыз. Қанша шығын шеккенімізді қойма босап, бәрі өткізілгеннен кейін ғана нақты айта аламыз. Қазір бастапқы есеп бойынша картоптың өзіндік құны 100 тенгеден жоғары болып тұр. Ал біз одан бір жарым, екі есе арзан бағаға өткізіп жатырмыз.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, шаруа қожалықтары биыл 4 мың 900 гектарға картоп екпек. Әрі бұл межелі жоспар орындалады деп отыр. Ал бау-бақша иелері екіұдай күйде.
Владимир Семейкин, шаруа:
- Менің білуімше, кейбіреулер картоп егуден бас тартып отыр. Арасында шығынға батқандары бар. Енді біреулері алқапты қысқартамыз дейді. Әр шаруашылық өз басымен қайғы. Осындайда бір мемлекеттік бағдарлама керек-ақ.
Қостанайлық бақша егушілер мұң-мұқтажын қағазға тізіп, ауыл шаруашылығы басқармасына берген. Оның ішінда «Тұқым шаруашылығы туралы» заңға өзгеріс енгізіп, картоп, басқа да көкеніс тұқымын сертификаттау және инспекциялаудың жаңа жүйесін енгізуді сұраған. Бұл әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігін кеңейтер еді дейді олар.
Дмитрий Естафьев, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл хатты біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне жібердік. Қазіргі кезде қостанайлық тауар өндірушілер картопты тек Ресей мен Өзбекстанға экспорттайды. Былтырғы өнімнің 650 тоннасы ғана сыртқа сатылды. Сертификаттаудың жаңа жүйесі енгізілсе, алыс шетелдерге де шығу мүмкіндігі туар еді.
Сондай-ақ бәсекелестікке төтеп беру үшін шаруалар картопты шикізат түрінде ғана өткізбей, оны қайта өңдеуге ден қойғаны абзал. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары осындай кеңес беріп отыр.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, 24.KZ, Қостанай облысы