Қостанайдың жылу мен ыстық суға берешегі 1,5 миллиард теңгеге жеткен
Қостанайлықтардың жылу мен ыстық суға берешегі 1,5 миллиард теңгеге жетті.
Оның басым бөлігі заңды тұлғаларға тиесілі. Тұрғындардың жылу энергетикалық компаниясына қарызы былтырға қарағанда 26 процентке артқан. Ал биыл облыс орталығының жылу жүйесін жаңғырту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылады. Мысалы, Әуежай шағын ауданына жылу құбырын тарту үшін бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінеді. Бірақ қаражат аздық етеді. Сол себепті компания басшылығы қарызды өндіріп алу үшін қатаң шараларға баруға мәжбүрміз деп отыр.
Қанат Аужанов, жылу энергетикалық компаниясы басшысының орынбасары:
- Тұтынушы ескерту қағазымен танысқаннан кейін біз оны нотариусқа тапсырамыз. Ол атқарушылық жазба дайындап береді. Содан кейін барлық материал жеке сот орындаушылар палатасына жіберіледі. Сондай-ақ борышкерлер ыстық су, жылудан ажыратылады. Тиесілі ақыны төлеттіру үшін осындай әдістерге баруға тура келеді.