Қытай елімізде электромобиль шығаруға ниетті
Қытай тарапы елімізде электромобиль өндірісін ашу жайында ұсыныс білдірді.
Бастамаға Қазақстан жағынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл жайында Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қытайлық әріптесі Ван Имен кездесу барысында мәлімдеді. Бүгін Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі елімізге ресми сапармен келді. Келіссөздер барысында инновациялар және ауыл шаруашылығы салаларында кіші комитеттер құру туралы хаттамаға қол қойылды. Мұрат Нұртілеу озық технологиялар, инновациялар, және ғылыми зерттеулер бойынша әлеуетімізді әрі қарай жетілдіру аса маңызды екенін атап өтті. Биыл Елордада Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалын ашу жоспарланған. Сондай-ақ Ван И мырза Қытай Қазақстаннан жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау көлемін арттыруға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, ертең елордада Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Жалпы бүгінгі сапар, сондай-ақ мазмұнды әрі нәтижелі өткен келіссөздер ерекше мәнге ие. Қадіргі әріптесім Ван И мырзамен екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша жан-жақты пікір алмастық. Аумалы-төкпелі заман мен сын-қатерлерге қарамастан, Астана мен Бейжіңнің негізгі халықаралық ұстанымдары ұқсас екеніне назар аударғаным орынды болар еді. Әріптесіммен теміржол және автокөлік бекеттерінің өткізу қабілетін арттыру жайын, үшінші теміржол салу жайын дәйекті түрде талқыладық.
Ван И, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі:
- Тараптар сауда-саттық бойынша одан да жоғары мақсаттар қоюды пысықтап жатыр. Өнеркәсіптік ынтымақтастық бойынша белгіленген 45-тен астам жобанның 26-сы аяқталды. Олар энергетика, ресурстарды игеру, машина жасау, құрылыс материалдары, химия өндірісі және мәдениет салаларын қамтиды. Екі елдің мұнай-газ және атом энергетикасы жөніндегі серіктестігі де қарқынды дамып келеді. Тараптар Қытай-Еуропа бағытындағы теміржол саласын бірлесе дамыту жайында келісті.