Жұмыс істейтін азаматтар қаржы ұйымдарына екі триллион теңгеден астам ақша қарыз
Елімізде жұмыс істейтін 90 пайызға жуық азаматтың қаржы ұйымдарына 2 триллион теңгеден астам қарызы бар.
Ал өтеу мерзімі 90 күннен кешіктірілген несие саны 5 миллионға жуықтайды. Бұған дейін Мәжіліс депутаттары, азаматтардың қарыз жүктемесін азайту үшін, қолданысқа «стоп кредит» қызметін енгізген еді. Алайда берешегіне салғырт қарайтындар азаяр емес. Сондықтан олар жаңа нормаларды әзірлеуге кіріскен.
Астаналық Сержан Нарешовтың жасы 22-де. Тұрақты жұмысы болғанымен, кейде қосымша табысына айналдырған мобилографиямен де айналысады. Жас жігіт «техниканы үнемі жаңартып тұру қажет. Сондықтан кейде микронесие рәсімдеуге тура келеді» дейді. Қазір өзін кредиттен уақытша тыйып отыр.
Сержан Нарешов, қала тұрғыны:
- Істеп жүрген жұмысыма байланысты, салама байланысты керек заттарымды аламын. Өзімнің қалтамдағы телефон кредитке алғанмын. Телефонға керек заттарымды. Мобилографиямен айналысам, соған керек заттарды кредитқа алам, стабилизатор, объектив, сол сияқты. Арасында «стоп» қойып тұрамын.
Иә, азаматтардың өз-өзін тежеуі қиын емес. Ол үшін еГов порталына өтіп, «стоп-кредит» қызметіне өтінім беру қажет. Сол арқылы азаматтар 6 ай бойы банк және микроқаржы ұйымдарынан ешқандай кредит рәсімдей алмайды. Бұл қызмет түрі айлакерлерден қорғану үшін жасалған. Бұдан бөлек ол, кредитті үсті-үстіне ала беретіндерге таптырмас мүмкіндік болып табылады.
Индира Қарлыбаева, «Бірінші кредиттік бюро» несие тарихы субъектілерімен жұмыс блогының басшысы:
- 2024 жылдың 1 мамыр күніне жағдайды алатын болсақ, стоп кредит қызметіне 363 мың адам жазылған болатын. 2023 жылы «стоп-кредитке» көбінесе ер адамдар жазылатын болған. Яғни барлық жазылған адамдардың 52 пайызын ер азаматтар құраған болатын. Ал биыл жағдай өзгеріп, жазылған адамдардың ішінен 55 пайыз ол қыздардың үлесіне тиеді. Және ең көп жазылатындар ол 31 мен 40 жастағы азаматтарымыз. Ең аз жазылатын ол 23 жасқа дейінгі азаматтар.
Былтыр қазақстандықтардың атына алаяқтық жолмен 7,5 миллиард теңгеге несие рәсімделген. Депутаттар осылай деп дабыл қағып отыр. «Стоп-кредит» қызметі де азаматтарға әсер етіп жатқан жоқ. Қазір айлакерлік те, азаматтардың шама-шарқына қарамай беталды кредит алып, оған салғырт қарауы да тыйылмай тұр. Сондықтан Мәжілісмендер, заңды тағы да қатаңдату жұмыстарына кіріскен.
Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір Ұлттық банк базасында тұлғалардың жеке басын анықтауға қатысты ережелер қайта қаралып жатыр. Себебі алаяқтардың айласы тыйылмай тұр. Әсіресе микроқаржы ұйымдарынан онлайн-несие рәсімі қауіпсіз болып кетті. Қазір біз заң жобасына онлайн кредит беруді «минимум» деңгейге қысқарту үшін түзетулер әзірлеуге кірістік. Жалпы қазір тұрғындардың қарыз жүктемесі жылдан жылға артып келеді. Қазақстандықтар кредит алғанда «төлей аламын ба?» деп ойлануы керек. Өйткені екі жақтың мүддесі бірдей сақталуы тиіс.
Расында қазақстандықтардың қарыз жүктемесі артып жатыр. Бүгінде елдегі 8 миллион 800 мың азаматтың банк пен микроқаржы ұйымдарына 2 триллион теңгеден астам берешегі бар. Борышына салғырт қарайтындар да жоқ емес. Өтеу мерзімі 90 күннен кешіктірілген несие саны 5 миллионға жуықтайды. Бұл ретте сарапшылар, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет деп отыр. Ал балаларды бастауыш сыныптан ақша санап үйрету қажет дейді.
Ләззат Жанмолдаева, экономист:
- Ең бастысы біз әріп үйреткенмен қоса, балаларымызға бастауыш сыныпқа барғаннан бастап, ойын түрінде болсын, ақшаны көбейтудің басқа бір жолы болсын, соны шетелдерде жақсы жолға қойылған. Соны мектеп бағдарламасына енгізу керек. Әріппен қатар қаржылық сауаттылық та бірге қатар жүруі керек.
Альмира Оразбай, тілші:
- Сарапшылардың айтуынша, ересек адамдардың жұмыс орындарында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған арнайы курс өткізу қажет. Сонда ғана қазақстандықтардың қарыз жүктемесі азайып, қаржы ұйымдары мен азаматтар арасындағы мүдде сақталады.
Альмира Оразбай, Диас Ковланбаев